Шымкенттегі мектеп-интернат-колледж тәрбиеленушілері үшін 300 орындық жатақхана салынады. Үкімет Арнаулы мемлекеттік қордан 2,6 млрд теңгеден астам қаражат бөлді. Ғимарат 300 орынға есептелген. Жатақхана барлық заманауи талаптарға сай болмақ, онда балалардың өмір сүруіне және олардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасалады.
Шымкенттегі мектеп-интернат-колледж тәрбиеленушілері үшін 300 орындық жатақхана салынады. Ғимарат елден заңсыз шығарылған активтер есебінен бой көтереді. Ол үшін арнаулы мемлекеттік қордан «Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжі» кешені үшін 2,6 млрд теңгеден астам қаражат бөлді. Ғимарат 300 орынға есептелген.
Ерлан Пірімқұлов, Шымкент қаласы білім басқармасының бөлім басшысы:
«Бұл жердегі ең қиын мәселе – жатақхана. 120 балаға арналған ғимаратта 360 бала оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар балалар оқып, тұрып жатыр. Мәселені шешу үшін 300 орынға есептелген жатақхана құрылысына жобалау-сметалық құжаттама дайындалды. Ғимарат қосымша үй-жайлармен жабдықталады».
Жатақхана ұлдар мен қыздарға арналған бөлек блоктар, медициналық блок, асхана, ойын бөлмелерімен қамтылады. 1975 жылы салынған «Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжі» арнайы кешенінде қазіргі таңда 363 адам оқып жатыр. Бүгінде орын тапшылығына байланысты оқу орнындағы кейбір кабинеттер балаларға арналған жатын бөлмелері ретінде қарастырылған. Ал 67 оқушы үйде оқуға мәжбүр.
Айдын Нашенов, Шымкент қаласы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары: «Жобаның құрылысының ауданы 8200 шаршы метр болады. Жер телімінің ауданы 3,5 мың гектар жер. Қаржысының көлемі 2,6 млрд теңге. Ол заңсыз шетелге шығарылған активтердің есебінен қаржыландыру қарастырылған. Келесі апта республикалық бюджет комиссиясы отырысы өткізіледі, сол жерде қолдау табады деген жоспар бар. Қаражат бөлінген жағдайда 2025 жылы конкурс өткізіліп, наурыз-сәуір айында құрылысты бастау мүмкіндігі бар».
Айта кетейік, елден заңсыз шығарылған активтер есебінен Шымкент қаласында 2 мектеп пен бір мектептің қосымша ғимаратының құрылысы жүріп жатыр.