Сайрам ауданының 2 оқушысы Астана қаласында ауыл мектептеріне арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша өткен республикалық олимпиадада топ жарып, жеңімпаз атанды.
Республикалық олимпиада Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы Бейсембаевтың тікелей тапсырмасымен екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Мақсаты — ауыл мектептерінің талантты және білімге құштар оқушыларын анықтау.
Аталмыш білім сайысының қорытындысына сәйкес жаратылыстану-математикалық бағытында көрсеткен үздік нәтижелері үшін Түркістан облысының командасына «Ең үздік олимпиадалық команда — 2024» атағы берілді.
Интеллектуалдық сайысқа қатысқан Көлкент ауылдық округіне қарасты №63 Қ.Сәтпаев атындағы жалпы білім беретін мектептің 10- сынып оқушысы Тохтаров Иномжон информатика пәні бойынша 1-орынды иеленіп, І дәрежелі дипломмен марапатталды. Жеңімпаз оқушы келесі олимпиаданың республикалық кезеңіне пәндер сәйкестігі бойынша конкурстан тыс қатысуға жолдама алды.
Осы орайда, шәкіртінің шеберлігін шыңдап, білім айдынына бағыттаған жетекшісі Ирсдавлат Сулаймановтың еңбегі ерен.
Сондай-ақ аудан орталығындағы №5 «М.Горький» мектебінің 11-сынып оқушысы Гүлдана Мехманкулова олимпиаданың төртінші сынақ кезеңінде бақ сынап, биология пәнінен І орынды жеңіп алды. Марапаттау рәсімінде озық ойлы оқушымызға І дәрежелі диплом табыс етілді.
Білімді жастың үздіктер қатарынан табылуына жетекшісі Дилфуза Усманованың сүбелі үлес қосқаны белгілі. Бұл — біздің ауыл мектептері үшін үлкен жетістіктер әрі білім деңгейін көрсететін зор мүмкіндіктер.