Сауран ауданында “IDEAL TURKISTAN” жеке кәсіпкерлігі жиһаз цехын ашты. Өндіріс орны өз өнімдерін тұтынушыларға жоғары сапамен және тиімді бағамен ұсынуды мақсат етіп отыр.
Цехтың ашылу рәсіміне Сауран ауданы әкімінің орынбасары Ербол Жанғазиев қатысып, жаңа кәсіпорынның жұмысымен танысты. Цех пластиктен жасалған үстелдер шығару саласында өз ерекшеліктерімен танылып отыр. Қазіргі таңда шағын цехта 200 адам тұрақты жұмыс істейді. Олар өнімнің жоғары сапасын қамтамасыз ету үшін барлық талаптарды мұқият орындап келеді.
Цехтың басты өнімдері – пластиктен жасалған сан алуан стильдегі және түрлі өлшемдегі үстелдер. Аталған өнімдер төзімді әрі қолжетімді. Жаңа өндіріс орнының ашылуы — аудан тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған маңызды қадам болып отыр.