Сенат депутаттары Әл-Фараби ауданы тұрғындарымен кездесті

23
Фото: Отырар.кз

Шымкент қаласына ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова келді. Мегаполистегі жұмыс сапары аясында бірқатар нысанды аралап, жұмыс барысымен танысты.

Шымкентке жұмыс сапарымен Парламент Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова келді. Сенаторлар Әл-Фараби ауданы тұрғындарымен кездесіп, жыл көлемінде атқарған жұмыстар туралы баяндама жасады. Шымкент тұрғындарының игілігі үшін жасалған жұмыспен және келер жылға бекітілген жоспармен таныстырды.

Нұрлан Бекназаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: «Ішкі заңнамалық түрде реттейтін нәрселерімізді қамтамасыз етіп үлгеруіміз керек. Сенат Мәжіліспен бірлесіп Мемлекет басшысының қойып отырған бірқатар халыққа жасалып отырған болашаққа қажетті реформалардың барлығын қамтамасыз ету мақсатында жасалып отыр. Бұл әрі қарай да жалғасын табады деп ойлаймын. Қалада жасалып жатқан жұмысты да біз білеміз. Соңғы 5 жылдың ішінде қаланың экономикалық бағытта өсуі, экономикасы даму үстінде».

Ал Сенат депутаты Айгүл Қапбарова 2024 жылы күшіне енген немесе өзгеріске ұшыраған заңдар мен ережелерге тоқталды. Сонымен қатар, Шымкент қаласының экономикалық және инфрақұрылымының дамуы үшін атқарылған жұмыстарды атап өтті.

Айгүл Қапбарова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: «Қала, мегаполиске қатысты, әсіресе су немесе құрылысқа қатысты қаланың дамуына өте маңызды нормалар бар. Осы мәселе бойынша біз айналысамыз. Жылда республикалық бюджетті қорғаған кезде қаланың инфрақұрылымына, дамуына биыл да осы Нұрлан Құдиярұлы екеуміз қарастырылған қаражаттан бөлек қосымша қаражаттар бөлдік. Әрдайым Шымкенттің дамуына, әсіресе кәріз жүйесін дамытуға қосымша қаражаттар бөлгіздік. Осы жолы осыны айта аламыз».

Жиынға қатысқан шымкенттіктер өздерін мазалаған сауалдары мен ұсыныстарын ортаға салды. Сенаторлар алдағы уақытта айтылған мәселелерді шешу жолында барын салатынын жеткізді.