Шымкент саябақ салудан рекорд орнатты

28
ОТЫРАР

Шымкентте жыл басынан бері 24 гүлзар халық игілігіне берілді. Бұл рекордтық көрсеткіш дейді жауаптылар. Осылайша, мегаполистегі саябақ саны 60-тан асқан. Ал, жергілікті халық демалыс орындарының тағы да көбейгенін қалайды. 

Шымкент саябақ салудан рекорд орнатты. Мұны тиісті басқарма басшысы мәлімдеді. Мегаполисте жыл басынан бері 24 гүлзар халық игілігіне беріліпті. Олардың басым бөлігі кәсіпкерлер есебінен салынған.

Әбілқайыр Оңғар, Шымкент қаласы қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы: «Жалпы рекордты деп айтсақ болады 1 жылда 24 үлкенді-кішілі саябақтың құрылысы жүргізілді. 2024 жылы Әл-Фараби ауданына қарасты Сәуле шағынауданында, яғни ең шеткі аудандардың бірінде 2500 гектарды құрайтын саябақтың құрылысын жүргіздік»

Осылайша қаланың орталығынан бастап, шеткі аумақтары да көркейіп, халық демалатын орындар саны артқан. Ал, бұл жұмыстарға жергілікті жұрттың көзқарасы қандай? Өздерінен сұрап көрдік.

— Мен қолдаймын. Тағы онын салыңдар! Балалар ойнайтын алаң болсын, ақсақалдар демалатын орын болсын. Саябақ сала беріңдер!
— Шымкентте халық саны өте көп. Баратын жер аз. Саябақтың көп болғаны керек.
— Қолдаймын әрине. Ауаны тазартады. Адамдар үйде іштері пыспайды.

Айта кетейік, бүгінде қаладағы демалыс орындарының саны 60-тан асқан. Тағы 5 саябақтың құрылысы жүріп жатыр. Тиісті жұмыстар келер жылы аяқталып, қолданысқа беріледі дейді жауаптылар.