Шымкентте 51 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде тұр

22
Фото: Отырар.кз

Биыл Шымкентте мемлекеттік бағдарламалар аясында 1000 азаматқа сатып алу құқығынсыз арендалық пәтер беру жоспарланған. Бірақ бүгінде тек 414 баспана пайдалануға берілді. Ал қалада 51 360 азамат үй кезегінде тұр. Пәтер табыстауда кімдерге басымдық беріледі?

Шымкент қаласында тұрғын үйлерді жекешелендіру «E-Qazyna» веб-порталы арқылы электронды форматта жүзеге асырылады. Жыл басынан бері 235 өтінім түсіп, оның ішінде 188 пәтер сатып алу негізінде жекешелендірілген. Нәтижесінде бюджетке 585,3 млн теңге түскен. Ал 37 пәтер өтеусіз жекешелендірілсе, 15 өтініштен бас тартылған.

Азат Исламов, Шымкент қ. тұрғын үй басқармасының басшысы: «4 желтоқсаннан бастап жекешелендіру мәселесі өз шешімін тапты. 2019 жылдан бастап кезекпен сатып алу құқығынсыз пәтер алған азаматтар 4 желтоқсаннан бастап, сол пәтерлерді меншігіне жекешелендіру құқығына ие болды. Ағымдағы жылы 188 пәтерді жекешелендірді».

Сондай-ақ, 519 азаматқа 461,9 млн теңгеге тұрғын үй сертификаты берілді. Оның басым бөлігі, 1 және 2 топ мүгедектігі бар азаматтар мен көпбалалы отбасыларға және мүгедектігі бар бала асыраушы жанұялар. Ал коммуналдық тұрғын үй қорына жататын 5 көпқабатты тұрғын үйдің 6 жеделсатысы ауыстырылды.

Азат Исламов, Шымкент қ. тұрғын үй басқармасының басшысы: «Тұрғын үйді жаңғырту» бағдарламасы бар. Ол үшін азаматтардың 2/3 келісімімен бекітуі тиіс. Егер лифтті пайдалану мерзімі 25 жылдан асатын болса, ол лифт тозығы жеткен болып саналады. Оның кепілдік мерзімі өткен. Бұл мемлекет тарапынан тиісті қаражат бөліп, модернизациядан өткізу мүмкіндігін береді».

Жалпы Шымкентте тұрғын үй кезегінде 51 360 азамат тұр. Оның ішінде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, көпбалалы отбасылар, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары және мемлекеттік қызметшілер бар.

Биыл мемлекеттік бағдарламалар аясында 1000 азаматқа сатып алу құқығынсыз арендалық пәтер беру жоспарланған. Бірақ бүгінде тек 414 пәтер пайдалануға берілді. Сонымен қатар, өткен жылдан өтпелі болған 280 пәтер иелеріне табысталды.