Шымкентте мәслихаттың 30 жылдық мерейтойы атап өтілді

200

Шымкентте Қазақстан Республикасы мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толуына арналған салтанатты іс-шара өтті. Бұл мерзім жергілікті басқарудың мемлекет дамуындағы маңыздылығын көрсететін маңызды кезең болды. Іс-шарада қаланың құрметті азаматтары, еңбек ардагерлері, алғашқы шақырылымдардағы депутаттар мен мәслихат қызметін жариялаған журналистер марапатталды.

Қазақстан Республикасы мәслихаттарының құрылғанына — 30 жыл! Бұл — елдің жергілікті өзін-өзі басқару тарихындағы маңызды кезең. Бұл мерзім жергілікті тиімді басқару жүйесінің қалыптасу кезеңіне айналды. Халық қалаулылары елмен бірге демократияны нығайтуда және аймақтық экономиканы дамытуда маңызды рөл атқара отырып, даму мен дағдарыс кезеңдерін бастан өткерді.

Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі: «Мәслихат жергілікті өкілді орган ретінде әрдайым халық пен билік арасындағы көпір. Шымкент қаласында әр жылдары қызмет еткен депутаттардың әрқайсысы өз міндетін адал атқарып, қаламыздың дамуына елеулі үлес қосты деп толықтай айтуға негіз бар. Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде ауқымды саяси реформалар жүргізіліп жатыр. Президентіміз Мәслихаттар мен жергілікті атқарушы органдарға халықпен тығыз диалог орнату, тұрғындардың мұқтаждықтарын бірлесе шешу міндетін қойды. Бұл баршамызға жүктелген ортақ міндет!»

Бахадыр Нарымбетов, Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы: «Қиын кезеңде әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешудің тиімді жолдарын қарастыра отырып, ең маңыздысы елде саяси-қоғамдық келісімді сақтап қалуға үлкен ықпалын тигізді.  Қазіргі VІІІ шақырылымдағы Шымкент қаласының мәслихаты өз өкілеттігін 2023 жылдың 30 наурыздан бастап жүзеге асырып келеді. Мәслихатта 32 депутат бар. Мәслихат жанына 6 тұрақты комиссия жұмыс жүргізуде».

Шымкентте айтулы мереке салтанатты түрде атап өтілді. Мегаполис басшысы бұрынғы шақырылымдардың депутаттары мен халық қалаулыларын марапаттады, сондай-ақ наградаға қаланың құрметті азаматтары, еңбек ардагерлері және Шымкент қаласының дамуына үлес қосқан азаматтар қатысты.

Шымкент мәслихатының алғашқы шақырылымдарының депутаттары өз жұмысының алғашқы жылдарын жылулықпен және сағынышпен еске алады. Бұл жедел әрі маңызды шешімдерді қажет ететін көптеген қиындықтарға толы қиын кезеңдер болды. Олар көптеген проблемалармен бетпе-бет келіп, оларды шешу жолдарын іздеп, үнемі тұрғындармен кездесіп, байланыста болды.

Әбілқасым Досболов, Шымкент қалалық мәслихатының ІІІ, IV, V, VI шақырылымдарының депутаты: «30 жылдың ішінде етек-жеңімізді жиып, тәжірибе алмасып, басқа облыстарға барып, тәжірибе жинадық. Сол тәжірибе қазір жүзеге асып жатыр. Қалада болып жатқан тіршіліктің бәрі. Жаңа Қазақстан құру үшін, Әділетті ел құру үшін депутаттар мен әкімдердің арасында бірлік керек. Бірлік болса тірлік болады дейміз бәріміз. Бәрінің илейтіні бір терінің пұшпағы – халыққа қызмет ету».

Мерейтойлық іс-шарада мәслихаттардың жұмысын жариялауға елеулі үлес қосқан журналистер мен қоғам қайраткерлерінің еңбегі де атап өтілді. Айтулы мерекеде «Рабат» газетінің бас редакторы Фарида Шарафутдинова да марапатталды. Ол жылдар бойы мәслихат қызметін белсенді түрде жариялап, шымкенттіктердің маңызды шешімдер мен бастамалар туралы алғашқы болып білуіне үлесін қосты.

Фарида Шарафутдинова, «Рабат» газетінің бас редакторы: «Біздің таңдауымызға 30 жыл толғанына өте қуаныштымын! Бірінші шақырылым депутаттары нағыз жауынгерлік құрам еді. Тұрмахан Орынбайұлы, Роза Пак, Клара Алипова, Бату Исмаилов болды. Олар халықтың игілігі үшін жұмыс істеді. Мәслихаттың алғашқы шешімі Шымкент қаласының Құрметті азаматы атағын Асанбай Асқарұлына беру туралы шешім болды. Бұл өте маңызды шешім болды. Біздің мәслихаттар қала өмірін жақсарту, сапаны арттыру үшін жұмыс істеді. Қазір 8-ші шақырылым депутаттары жұмыс істеп жатыр. Мен оларға еңбегінің жемісті болуын тілеймін. Ең бастысы, олар халықпен, сайлаушылармен кездесуден қорықпауы керек, өйткені олар шындықты тек халық арасында ғана естиді».

Шымкент мәслихаты қазір инфрақұрылымды жақсарту, әлеуметтік қолдауды қамтамасыз ету, білім беру және медициналық мекемелерді жаңғырту, сондай-ақ экологиялық проблемаларды шешумен белсенді айналысады.

Мегаполис күннен-күнге дамып келеді. Халық санының өсуіне және жаңа аудандардың пайда болуына байланысты қалалық мәслихат құрамы 32 адамға дейін ұлғайды. Ширек ғасыр бұрын Шымкент қаласының жылдық бюджеті небәрі 4 миллиард теңгені құраса, биыл бұл көрсеткіш 50 миллиард теңгеге жетті. Бұл — өте маңызды экономикалық серпіліс!