Шымкентте жаңа спорт ғимараты пайдалануға берілді 

21

Шымкентте Тәуелсіздік күні қарсаңында №12 балалар спорт мектебінің қосымша жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Нысанның салтанатты ашылу рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты. Енді жаңа спорт нысаны жергілікті тұрғындар үшін көптеген мүмкіндіктер сыйламақ. Жауаптылар мұнда балалар жаттығып қана қоймайды деп отыр. 

Бұл –бокстан жастар арасындағы әлем чемпионатында тек Шымкенттің емес, ел мерейін асқақ етіп, топ жарған Санжарәлі Бегалиев. Ол Сайрам тұрғын алабындағы №12 спорт мектебінде бокс әліппесімен танысып, осы жақтан түлеп шыққан. Байрақты бәсекеге дәл осы жерде дайындық жүргізіп, әлем чемпионы атанған Санжарәлі күні бүгінге дейін осында жаттығады. Енді ол спорт мектебінің ескі ғимаратынан көшіп, оның жанынан  салынған жаңа корпуста жаттығу жұмыстарына кірісіп жатыр. Осындай мүмкіндікке шын қуанған спортшы алдағы уақытта бұл мектептен әлі талай чемпиондар шығады деп сенеді.

Санжарәлі Бегалиев, Бокстан жастар арасындағы Әлем чемпионы: «Мемлекет осындай әдемі үлкен спорт ғимаратын салып бергені керемет болды. Енді бұл балаларға мотивация болады деп айтуға болады. Жаңа зал, жаңа мүмкіндік деген сияқты. Иә, өзім сияқты әлем чемпиондары шығады Алла қаласа! Балалар жақсы дайындалып жатыр». 

Сайрам тұрғын алабында халық тығыз орналасқан. Мұндағы № 12 спорт мектебінің бар мүмкіндігімен көптеген балалар спорттан тәлім алып жүр. Енді тұрғын алаптағы спортты қолжетімді ету үшін аталған спорт мектебіне мынадай үлкен жаңа спорт корпусы қолданысқа берілді.

2020 жылы құрылысы басталу керек болған бұл ғимарат індетке байланысты уақытынан кешеуілдетіп, енді бүгін Тәуелсіздік күні қарсаңында пайдалануға беріліп отыр. Оның ашылу салтанатына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы келді. Спорт ғимаратының құрылысына бюджеттен 958 млн теңге жұмсалған.

Есігін айқара ашқан спорт нысаны мектепке бірнеше жаңа спорт түрлерін  және алып келді. Енді жеткіншектер ауыр атлетика, тағы басқа да өңірге тың спорт түрлерімен айналысатын болады. Сонымен қатар Қазақстан бойынша үстел теннисінен жоғары нәтиже көрсетіп жүрген  мектептің жаңа ғимаратында аталмыш спорттың әрмен қарай дамуына да жағдай жасалған.

Ермек Дәрменов, Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары: «Бұл жер нағыз халықтың тығыз орналасқан елді мекендерінің бірі. Бұрындары балалар мұнда ескі ғимаратта жаттығатын. Осы халыққа қолжетімді болсын деп осындай үлкен ғимарат жоспарланып салынды». 

Спорт ордасы енді ескі және жаңа ғимаратта екі ауысымда 1000-нан аса баланы шынықтыратын болады. Мұнда бас-аяғы 8 спорт түрі қолға алынған. Мекеме басшысы жаңа корпустың артықшылығын ерекше атап өтті. Айтуынша, жаңа нысанда тек республикалық емес, халықаралық жарыстарды өткізуге барлық мүмкіндік қарастырылған. Сондай-ақ оқу-жаттығу жиындарын өткізуге де қауқарлы. Бұл өңірдің спорттық әлеуетін арттыруға үлкен септігін тигізеді деуге болады. Себебі бұған дейін бұл мектептен, Қазақстанның намысын түрлі додаларда қорғаған ел мақтаныштары шыққан.

Нұрбол Алтаев, № 12 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы: «Алдында біз ескі залда болғанбыз. Қазір енді осы жаңа залға ауысып жатырмыз. Алдағы жоспарларымыз осы жерде республикалық, халықаралық жарыстарды өткізу».

Алдағы уақытта Шымкентте қаланың 5 ауданында осындай нысанның тағы бесеуін салу жоспарда бар. Бүгінде спорт нысандарына қажетті жер телімдері рәсімделіп жатыр екен. Сондай-ақ спорт ғимаратының жобасына бассейн қосып салу да жоспарлануда. Айта кетейік, жалпы қаладан шалғай аудандарда спорт нысанын салу бағдарламасы көпке қолжетімділікті көздейді.