Шымкентте «5 желтоқсан — Дүниежүзілік еріктілер» күніне орай «Мен құтқарушымен» атты квест ұйымдастырылды. Ерікті жастар өрт сөндірушілердің киімін киіп, төтенше жағдайларда әрекет ету дағдыларын үйренді. Іс-шараның мақсаты — студенттердің жан-жақты дамуына ықпал етіп, оларды табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға дайындау.
Дидарбек Үсенов өрт сөндірушілердің киімін киіп, бір сәтке өзін құтқарушы сезінді. 17 жастағы жігіт бүгін үлкен жауапкершілікті талап ететін – төтеншеліктердің жұмыс барысымен танысты. Ерікті жас апатқа ұшырағандарды құтқарып, алғашқы жәрдем көрсететін маман иелерін «бүгінгі күннің батырлары» санайтынын айтты.
Дидарбек Үсенов, ерікті: «Адамды құтқаратын кездегі сәттер көз алдыма елестеп, келесі жарыстар қандай болады екен деп, қобалжып, біртүрлі сезімде тұрмын. Бір адамға көмектесу, екінші адамның өмірін сақтап қалу — үлкен бақыт қой. Құтқарушыларды «Осы заманның батырлары» деп ойлаймын. Мына киімнің өзі оңай емес. Ең аз дегенде 5 келі бар шығар. Әжептеуір ауыр екен»
Жалпы саны 24 ерікті төтенше жағдайларда әрекет ету дағдыларын үйренді. Сонымен қатар, олар өрт сөндіру техникаларымен де танысты. Бұл шара жастар арасындағы қауіпсіздік мәдениетін арттыруға көмектеседі дейді жауаптылар.
Асқар Шәріп, Шымкент қаласы ТЖД инженері: «Квесттің жоспарына сәйкес, бірінші кезекте өрт сөндірушілердің жауынгерлік киімін кию; және жауынгерлік қанат жаю; зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсету және жылу түтіні камерасының ішіне кіру арқылы өрт сөндіру кезінде туындаған қиындықтар барысындағы әрекетерді кәсіби дағдыда түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында осындай жаттығулар ұйымдастырылған»
Айта кетсек, бұл шара «5 желтоқсан — Дүниежүзілік еріктілер» күніне орай ұйымдастырылып отыр. «Мен құтқарушымын» атты квест барысында жастардың құтқарушылар қатарын толықтыруға қызығушылығы артып, керемет көңіл күймен тарқасты.