«Су ресурстары – Маркетинг» кәсіпорнына дүниежүзілік банк сарапшылары келді 

23
фото wrm.kz

Мемлекет меншігіне өте ме, өтпей ме деп бір жылдан бері дау-дамай талас жүріп жатқан «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС-не дүниежүзілік банк сарапшылары да келді. Олар аталған стратегиялық нысанның жұмысымен танысып, бірқатар жетістіктеріне қанық болды. Әлемдік банктің сарапшылар тобы еліміздегі сумен жабдықтау саласын жақсартуға Қазақстан Үкіметіне жол картасын әзірлеп жатыр. Бұл құжат тұрғын үйлерді қамтамасыздандыру бойынша ұлттық жоспардың ең маңыздысы саналады. Сондықтан да әлемдік сарапшылар республика бойынша 5 ірі су арнасына бақылау жүргізуде. 

Дүниежүзілік банк сарапшыларына алдымен «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС-ның қаржылық көрсеткіштері таныстырылды. Одан соң стратегиялық нысанның қандай шараларды жүргізу арқылы жетістіктерге жеткені мәлімденді. Атап өтсек, су мекемесі ауыз суды қатаң түрде есепке алып, су жүретін құбырларды жаңғыртып, жабдықтау желілерін цифрландырған екен. Және ағынды суларды тазартқанда жасыл энергетика көзін пайдаланатындарын да айтты.

Судипто Саркар, Дүниежүзілік су ресурстары жөніндегі жетекші маман: «Бізге Шымкенттің өте жоғары нәтиже көрсетіп отырғаны мәлім. Кәсіпорын үлкен жетістіктерге жеткен. Қызметтердің сапасы мен қаржылық көрсеткіштерді немен жақсарттыңыз? Біз осыны зерттеу үшін келіп отырмыз. Және Шымкенттегі бұл жетістікті ұлттық көлемде басқа кәсіпорындарға қалай енгізуге болады? Біз сіздің жобаңызды үлгі ретінде алсақ дейміз. Осы секторда табысқа жету жолында тағы қандай өзерістер орын алғанын білгіміз келеді». 

«Су ресурстары – Маркетинг» басшылығы тарапынан тарифтік саясатты реттеу құралдарын дамыту бойынша бірқатар ұсыныстар айтылды. Бүгінде тарифтер мен инвестициялық бағдарламалардың бағасын жыл сайын бекітіп отыру міндетті, алайда оны 5-10 жылға ұзартқан жөн тәрізді, себебі инфиляция да ескерілу керек екен. Және де су арналарына инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асыру үшін емін-еркін көсілуге мүмкіндік берілсе, сонда олар туындаған мәселені әп сәтте шеше алатындарын айтады. Сондай-ақ жұмыс күшінің сапасын арттыру үшін қызметкерлердің жалақысын көтеру қажет, мұнда мемлекеттік реттеуші бұған жол бермейді екен.

Анарбек Орман, «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС директоры: «Су арналарында тиімді менеджментті енгізу үшін, оларды басқаруға қазақстандық және шетелдік басқарушыларға сенім артылуы керек. Нәтиже болу үшін де ұзақ мерзімді, мәселен 30 жылға дейін сенімгерлік танытылса, жоспарды атқарып шығуға болады». 

Дүниежүзілік банктің салаға байланысты «жол картасы» жаңа жылдың ақпан айында аяқталады. Сонымен бастапқы құжат мүдделі тараптардың қатысуымен талқыға түседі. Онан соң талқыдағы дүниелер ескеріліп, картаның соңғы нұсқасы жасалады. Осы жобаны жасайтын сарапшылар, елдегі сумен жабдықтау саласындағы мәселелер бойынша Шымкент кәсіпорынының басшылығы айтқан барлық ұсыныстар мен пікірлерді маңызды деп таныды.