Түркістан облысы Полиция департаментінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне орай іс-шара өтті. Жиынға Тәрбие және кадр басқармасының бастығы Мақсат Асқаров, облыстық мәслихат депутаты, қаланың құрметті азаматы Баймахан Сүлейменов, профессор, филология ғылымдарының докторы Сейдулла Садықов, Кентау қаласы ІІО бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Бимахан Танкибаев пен жеке құрам қызметкерлері қатысты.
Алдымен полиция департаментінің жеке құрамы арасында тәуелсіздікке және елдің мемлекеттік институттарының қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан тұлғаларға арналған деректі фильм көрсетілді.
Сонымен қатар іс-шараға қатысушы зиялы қауым өкілдері Тәуелсіз Қазақстандағы ұлттық мерекенің тарихи маңызын талқылады. Еліміздің салт-дәстүрі, мәдениеті, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, ұлттық бірегейлікті нығайту сияқты мемлекеттіліктің негізгі қағидаттары жайлы сөз қозғады.
Шара соңында міндеттерін адал атқарып, қызметте жеткен жетістіктері үшін полиция Департаменті басшылығы атынан 4 полиция қызметкері алғыс хатпен марапатталып, тәуелсіз елдің тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде берген анттарына адал болып, мінсіз қызмет ете беретіндіктерін жеткізді.