Шымкентке Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек ат басын бұрды. Ведомство басшысының орынбасары қала тұрғындарымен кездесіп, жұртшылықтың талап-тілегін тыңдады. Өзекті мәселелер талқыланған кездесуде еліміздің аталмыш саладағы биылғы жетістіктері де айтылды. Бұл көпке мүмкіндіктер ретінде таңсық болды.
«Алаяқтармен қазақша сөйлесу керек!». Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш вице-министрі шымкенттіктермен кездескенде кеңес сұраған тұрғынға осылай деп айтты. Оның сөзінше, Қазақстанға көбіне алаяқтар Ресейден, Украинадан хабарласады екен. «Сондықтан мемлекеттік тілде мәміле жасасаңыз, олар айласын асыра алмайды», – дейді.
Одан бөлек, қандай жерден хабарласса да келген кодты мүлдем айтуға болмайтынын ескертті. Себебі заңды жұмыс жасайтын мекемелер және өз алдына органдар ешқашан код сұрамайды. Ал өз кезегінде министрлік мұнымен күресуде жұмыс оңайға соқпай тұрғанын айтты. Бар үміт енді келер жылдан бастап, 2027 жылға дейін жүргізілуі жоспарланып отырған «Жол картасы» жобасында болып тұр. Цифрлық алаяқтықты тежеу, реті келсе жою үшін арнайы дайындалған бағдарламада барлық сала ұйымдары бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып ат салыспақ ниетте.
Асхат Оразбек, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі: «Жол картасы бойынша біз операторлармен, банктермен жұмыс істейміз. Кешенді шешім шығаруға осы жол картасын дайындап жатырмыз».
Кездесуге келген қала тұрғындары шағын болсын, үлкен болсын интернет станциялары, антенналары бойынша мәселе айтып шағымданды.
Тұрғын: «Қазығұртта телефонның антенналарын бар ғой, үлкен бір бөшкелердің үстіне, болмаса біреудің шатырының үстіне қоя салады».
Сонымен қатар, қала тұрғыны жарықтың жиі өшетінін, ол кезде интернет желісі бірге жоғалып кететінін айтты. Ал негізінен жарық сөнгенде байланыс антенналары аккумлятордың күшімен қосымша жұмыс жасауы керек екен.
Жауапты: «Ұрлық болған болатын жақында. Ол уақытта бізде акумлятор болмай тұрды».
Тұрғын: «Камераның жоқтығынан. Мүмкін басқа елді мекендерге қойылып жатқан шығар, біздің шағынауданға көңіл аудару қиын болып жатыр».
Қаладан шалғай тұратын тұрғын өз тұрғын алабының ғаламтордағы картаға енгізілмегенінен зәрезап болғанын айтты. Оқыс оқиға, ауру-сырқауға көмек шақыратын кезде үйінің қай жерде екенін көрсетіп, түсіндіре алмай әлек болады екен. Және байланыс операторлары бағаларының аспандап кетуінің себебін сұрады.
Асхат Оразбек, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі: «Біз тарифтерді реттемейміз. Бізде функциялары жоқ. Олар өздері көтереді, өздері төмендетеді».
Шымшаһарға арнайы келген вице-министр саладағы жетістіктер туралы айтып, жиналғандарға көптеген мүмкіндіктерді баян етті. Қазақстан бүгінде цифрландыру бойынша әлемдік 10-дыққа кірген. Бұл көрсеткіш азаматтардың барлық салаларда қолжетімді қызмет алатынын айшықтайды. 2027 жылға дейін республикалық маңызы бар қалаларды 5G интернет байланысымен қамтамасыз ету көзделген еді.
2023 жылы қолға алынған жұмыс бойынша Шымкентте 2023 жылы Кселл операторының 125 базалық станциясы, ал биыл 114 базалық станциясы қолданысқа берілген екен. Байланыс демекші осы жылы Шымкент қаласы бойынша байланыс қызметтерінің сапасын тексеру 19 рет өткізіліп, 44,3 млн теңге айыппұл салыныпты.
Асхат Оразбек, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі: «Шымкент қаласын цифрландыру «Цифрландыру, ғылым және инновация арқылы технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы және Қазақстан Республикасының «Ақылды» қалаларының эталондық стандарты аясында жүзеге асырылады».
Айта кетейік, Шымкент республика бойынша 2022 жылы ақылды қала рейтингінде 5-орында болса, 2023-те 11-орынға түсіп кеткен екен.