Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында А.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. А. ҚК-нің 256-бабының 1-бөлігімен (терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру, сол сияқты көрсетілген мазмұндағы материалдарды тарату мақсатында дайындау, сақтау немесе тарату) айыпталған.
Сотталушы 2024 жылдың шілде айында Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы, Қапал батыр көшесінің бойында орналасқан моншада М., Е. және Ж.-мен кездесіп, «Мұсылман бауырлар» (аль-Ихван аль-Муслимун) террористік ұйымын қолдап, қарулы жиһад жасап, шахид болуға, хижрат жасауға қатысуға шақыруды насихаттаған.
Сотталушының тағылған айып бойынша кінәсі іс бойынша жинақталған құжаттармен дәлелденеді. Прокурор сотталушыға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушы кінәсін толық мойындап, жеңіл жаза тағайындауды сұрады.
Сот, сотталушының жасаған қылмыстық құқық бұзушылығының ауырлығын, жеңілдететін мән-жайлар ретінде оның кінәсін толық мойындауын, істеген іс-әрекетіне шынайы өкініш білдіргенін ескерді, ал ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Сот, А.-ға ҚК-нің 256-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.