Түркістан облысында жыл соңына дейін 10-нан аса жайлы мектеп халықтың игілігіне берілмек 

25

Түркістан облысында жыл соңына дейін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында оннан астам мектеп пайдалануға берілмек. Бұл туралы жауапты басқарма өкілі мәлімдеді. Және санаулы күндер шамасында 3 жаңа жайлы мектеп ашылатын болады. Облыс басшысы аталған жоба бойынша түгел дерлік жауаптыларды жинап, жыл соңына дейін жоспардың толық әрі сапалы орындалуын тапсырды. 

Түркістан облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан 3 мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Осы таяу уақыттарда олар пайдалануға беріледі. Жалпы Түркістан өңірі мектептерде орын тапшылығы қатты сезіліп отырған аймақтардың көшін бастайды. Бүгінде облыс аумағында аталған жоба бойынша 29 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Осыған қатысты барлық жауаптылардың басын қосқан өңір басшысы Дархан Сатыбалды жобаның тікелей президент тапсырмасы екеніні тілге тиек етіп, тиістілерге жұмысты сапалы және мерзіміне дейін тапсыруды ескертті.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Ешкім бұл жерде бюрократия жасап, бүгін бітіретін жұмысты ертеңге қалдырмай, бүгін істеу керек. Жыл бітіп жатыр, 20 күн ғана қалды. Қазір мына келіскендей мердігерлер гарантия берсе, сіздер газды дайындап қосып бере бересіздер, келістік пе?» 

Биылғы жылы Түркістан облысы бойынша «Жайлы мектеп» жобасына 139 млрд теңге бөлінген. Жоба аясындағы құрылыс жұмыстарына жауапты «Samruk-Kazyna Construction» 12-13 мектепті осы жылдың аяғына дейін тапсырамыз деп отыр. Аталмыш басқарманың өңірлік басшысы қаржы жағынан мүлдем мәселе жоғын айтып, мердігерлер жұмысын тапсырғанда толықтай талапқа сай өткізетінін айтты.

Сәкен Әшірбаев, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Ұлттық жобаны іске асыру департаментінің Түркістан облысы бойынша өңірлік басшысы: «12-13 мектеп деп жоспарлап отырмыз. Жылдың аяғына дейін береміз. Мердігер тарапынан кепілдік қағазы беріледі. Есептегіштердің ақшасын төлеп береді, бәрінде ақша бар. Қаржы жағынан бізде проблема жоқ». 

Сондай-ақ Дархан Сатыбалды ашылуға дайын тұрған мектептердің инфрақұрылым желісіне қосылуын жіті қадағалау керектігін де тапсырды.

Абай Тұрханов, Құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы: «Бүгінгі таңда 2024-ші жыл құрылысы жүріп жатқан, 4 мектеп инженерлік инфрақұрылыммен қамтылған. Қалған 25 мектепке инженерлік инфрақұрылым жүйелері 100 пайызға тартылады».

Жиында тек басқармалар ғана сөз сөйлеген жоқ. Мердігерлер өз тарапынан пікірлерін де білдірді. Олардың ұсыныстары тыңдалып, тиісті міндеттемелер артылды. Және құрылысы аяқталуға аз қалған жаңа мектептерге жауапты әр мердігер жеке-жеке есеп берді. Жиынның қорытындысы бойынша жоспар аясында әркім өз міндетін толықтай атқарып, жыл бірқатар жаңа және бастысы сапалы мектептермен қорытындылану керек.