Түркістанда арақ-шарап ішуге не оны сатуға тыйым салынса, қаланың абырой-беделіне сай болушы еді. Мәжілісте түркі дүниесінің төркіні Түркістанды ішімдіксіз қала етсек деген ұсыныс айтылды. Депутат Ардақ Назаров қозғаған мәселеге Түркістан облысының әкімдігі орынды деп пікір білдірді. Және алдағы уақытта шаһарға қатысты қабылданып жатқан заң жобасына байланысты бұл ұсынысты да заң аясында қарастырған жөн деді өңір басшылығы.
Түркістанда ішімдік ішуге немесе оны саудалауға заң аясында тыйым салынса екен. Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров осындай ұсыныс айтты. Оның айтуынша, Түркістан қазақтың киелі мекені, рухани тірегі. Сондықтан туристер келгенде көшеде азаматтар масайрап жүрсе шаһардың статусына үлкен сын болады дейді. Депутат сөзінінің түйінінде Түркістанды заңды түрде рухани астана етумен қатар ішімдіксіз қала етсек деп пікір білдірді.
Ардақ Назаров, Мәжіліс депутаты: «Өйткені Түркістанды білесіз, рухани Астана деп отырмыз. Бүкіл қазақ осы жерден рух алу керек. Ол жерде біздің бабаларымыз, әулие, батыр билеріміз жатыр. Ертең шетелден көп қонақтар келеді, сол кезде біздің азаматтарымыз арақ ішіп алдынан шығатын болса ұят қой».
Айтылған ұсынысқа Түркістан облысы әкімдігі орынды деп жауап қатты. Түркістан қаласына рухани және тарихи астана мәртебесін беру туралы заң жобасы қабылданып жатқаннан кейін, бұл мәселені де заң аясында қарастыру керек деп санайды. Дегенмен өңір басшылығы Түркістан туристік бағытты бетке алған қала болғандықтан, облыстағы кәсіпкерлік қауымдастықтың тарапы түрлі көзқарас білдіріп отырғанын да жасырмады. Одан бөлек, Түркістан аумағында ішімдіктен ерікті бас тарту бойынша жоба жүріп жатқанында хабарлады.
Бейсенбай Тәжібаев, Түркістан облысы әкімінің орынбасары: «Соңғы жылдың көлемінде Түркістан облысында «ішімдіксіз ауыл» деген арнайы жоба жарияланған. Осы жобаға біздің облыс бойынша 30-дан астам ауыл қазіргі уақытта қосылып отыр. Бұл бастама Түркістан қаласында жергілікті зиялы қауыммен, ақсақалдармен, түрлі осындай қоғамдық белсенді өкілдермен түрлі форматта арнайы талқылаулар өткізілген».
Ішімдіксіз ауыл жобасын қолдап, ащы судан аулақ болған ауылдардың бірі Сауран ауданындағы Нұртас елді мекені. Мұнда 1835 адам береке-бірлікте күн кешеді. Ішімдіктен жаппай бас тартқан бұл өлкеде 3 дүкен бар. Ешбірінің сөрелерінде арақ-шараптың ізі де жоқ екен. 3-4 жылдан бері алькоголды сусынға шектеу қойған ауыл тұрғындары, бүгінде үлгілі өмір сүру салтын қалыптастырып, ауыл-аймақты белсене жақсартуда.
Ауыл ақсақалы: «Мынау бүгін міне ауылдың жастары бастама көтеріп, сенбілік ұйымдастырамыз, мына жерге тал егеміз деп, соған әрекет жасап жатыр. Ішімдіксіз ауыл бойынша осы жерде жиналыс өткізгенбіз. Бұл одан да бұрын 3-4 жылдан бері ауылда арақ сатылмайды».
Тәртіп сақшылары ішімдіктен бас тартқан 30 ауылда қылмыс азайып, кейбірінде тіптен тіркелмегенін айтады. Және жоба әрмен қарай қылмыссыз қоғам құру мақсатында қарқынды жалғасатын болады.