Түркістанда жыл үздіктері марапатталды

Облыс орталығында «Түркістанды түлеткен» атты жылдың үздіктерін марапаттау кеші өтті. Салтанатты жиынға облыс әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, адал еңбек етіп, үздік атанған көшбасшыларды құттықтады. Жыл қорытындыланған маңызды жиында бірқатар азаматқа «Ерен еңбегі үшін» және «Еңбек ардагері» медальдары табысталды.

Түркістанда жыл үздіктері анықталды. Түрлі салада еңбек етіп, көшбасшы атанған үздік мамандар марапатталды. Көшбасшылар қатарында Сарыағаш ауданы әкімінің кеңесші-баспасөз хатшысы Әсел Тұяқова да бар. 6 жылдан бері баспасөз қызметінде еңбек етіп келе жатқан маман өз саласының үздігі атанды.

Әсел Тұяқова, «Жылдың үздік баспасөз қызметі» номинациясының иегері: «Бүгінгі марапат иегері болу — мен үшін үлкен бақыт. Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлы айтқандай, Түркістан облысының дамуына елеулі үлес қосқан адамдардың қатарында болу – мен үшін үлкен бақыт!»

Түркістан облысының орталығында өткен «Түркістанды түлеткен» атты үздіктерді марапаттау кешіне облыс әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, үздік атанған көшбасшы жандарды құттықтады. Өз саласы бойынша үздік атанғандарға 40 номинация бойынша құрмет көрсетілді. Сонымен қатар, жыл қорытындыланған маңызды жиында бірқатар азаматқа «Ерен еңбегі үшін» және «Еңбек ардагері» медальдары табысталды.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Жуырда ғана Мемлекет басшысының бастамасымен «Түркістанға ерекше мәртебе беру» туралы арнайы Заң жобасы әзірленіп, Парламенттің бірінші оқылымында қабылданды. Бұл Заң тарихи шаһарды дамытуға серпін береді. Өңірдегі осы оң өзгерістерде сіздердің еңбектеріңіз мол. Аймақты дамытуға үлес қосып, елге қызмет еткендеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін! Кім өз ісін адалдықпен атқарса, түбінде жеңіске жетеді. Сондықтан біз жастардың, жалпы қоғамның бойына еңбекқорлықты, отаншылдықты сіңіруіміз керек. Тарихи Түркістанымызды бірге дамытып, бәсекеге қабілетті, бай, қуатты аймаққа айналдыра берейік!»

Айта кетейік, биыл Түркістан облысының құрылғанына 6 жыл толды. Осы уақытта аймақтың инфрақұрылым дамып, ішкі жалпы өнімі артып, әлеуеті көтеріле түсті. Аймақта өндіріс орындарын ашу, инвестиция тартуға басымдық берілген.