Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Шымкентте үш бірдей кәсіпорын іске қосылды. Жаңа өндіріс орындары “Оңтүстік” арнайы экономикалық аймағында орналасқан. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков нысандардың жұмыс барысымен танысып қайтты.
Шымкентте бір күнде үш бірдей кәсіпорын іске қосылды. Тәуелсіздік күні қарсаңында жұмысын бастап отырған өндіріс орындарының бірі — «Dapter-Line» компаниясы. Мұнда мектеп дәптерлері мен жазу қағаздары өндіріледі. Жобаның жалпы құны – 500 млн теңге.
Қанат Әлімбаев, «Dapter-Line» ЖШС құрылтайшысы:
«Кәсіпорнымыз 50 млн дана дәптер шығарады жылына. Және кәсіпорында 50 адам жұмыс істейді. Дәптерлерімізді ішкі нарыққа дайындап жатырмыз. Сырттан келетін дәптерлердің орнын басу үшін өзіміз іштен шығарып, дайындап жатырмыз»
Ал, бұл – аяқ-киім өндіретін «Nappa» кәсіпорны. Бұл жобаға 400 млн теңге инвестиция құйылған. Өндіріс орны 100-ге жуық азаматты жұмыспен қамтуға қауқарлы. Кәсіпорын құрылтайшылары отандық өнімнің тек таза былғарыдан жасалатынын айтты.
Аида Зәкірова, «Nappa.kz» кәсіпорнының құрылтайшысы:
«Таза табиғи былғарыдан жасалған аяқ-киім қымбат. Түркияның аяқ-киімі қымбат. Сондықтан барлық халық таза аяқ-киім кисінші деген ниетпен Түркиядан мамандарды шақырып, бағасына туралап сапалы аяқ-киім жасап жатырмыз. Биылдыққа 100 мыңға жуық аяқ-киім шығардық. Таза былғарыдан және таза жүннен өндіреміз»
Сондай ақ, “Оңтүстік” арнайы экономикалық аймағында «Balabi Textile» зауыты да жұмысын бастады. Шұлық бұйымдарын өндірумен айналысатын кәсіпорынға 6 жарым млн теңгеден астам қаржы құйылған. Зауыт жылына 24 млн шұлық өндіруге қауқарлы. Дегенмен, үлкен фабрикаға жұмысшы тарту жағы проблема болып тұр. Сондықтан кәсіпорын басшылары шымкенттіктерді жұмысқа шақырады.
Асан Балабиев, «Balabi Textile» зауытының директоры:
«Жұмысшыларды табу қиын болып жатыр. Адамдар қорқып жатыр келуге. Білмейміз деп. Қорықпасын келсін жұмысқа дегім келеді. Жалақысы жақсы болады. 180 мың теңге — ең төмен жалақы болады. Ал, орташа жалақы — 300 мың теңге болады»
Барлық өндірістердің құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, жабдықтары орнатылған. Бұл жобалар мегаполистің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, отандық өнімнің үлесін көбейтуге мүмкіндік бермек.