Төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері улы газ бен өрттің алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатыр. Әрбір аудандағы көшелерді аралап, тұрғындарға үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар, төтеншеліктер тұрмысы төмен отбасыларға газ дабылқаққышын орнатып жатыр.
Жылыту маусымының басталғанда өрт қауіпсіздігі ережелері сақталмай, қайғылы оқиғалардың орын алып жататындығы рас. Осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға түсіндірме жұмысын жүргізуде. Ұлағат шағынауданының тұрғындары мұндай іс-шаралардың өте маңызды екенін айтады.
Мұхамедияр Жақыпбеков, Шымкент қаласының тұрғыны: «Оқыс оқиғаларды болдыртау үшін жасалған, өте дұрыс шара деп түсінемін. Халыққа түсіндіргені өте дұрыс. Қазір қойылған датчик газ өшіп қалған кезде, иіс шыққан кезде сигнал береді. Бұл халыққа түсіндіру мәселесінде өте дұрыс».
Төтеншеліктер шағынаудандағы тұрмысы төмен үйлерге газ дабылқаққышын орнатты. Жалпы жылыту маусымы басталғалы 20 үйге дабылқаққыш орнатылса, қала бойынша 200-ден астам үйге қойылған. Түсіндірме жұмыстарының мақсаты – қала тұрғындарына төтенше жағдайлар туралы ақпарат беру, ықтимал апат кезінде алғашқы көмек көрсетудің қарапайым жолдарын үйрету дейді мамандар.
Төреғали Үркімбаев, Еңбекші ауданы төтенше жағдайлар басқармасының бастығы: «Қайғылы жағдай бізде орын алған жоқ, бірақ, адамдардың жеңіл улану жағдайлары тіркелген. Осыған байланысты біз қала бойынша масштабты түрде өткізіп жатырмыз. Бүгін Еңбекші аудандық басқармасының ұйымдастыруымен Ұлағат мөлтекауданында өткізіп жатырмыз. Мақсаты – улы газдың алдын алу, өрттің алдын алу болып табылады. Датчиктерді жағдайы төмен отбасыларға, үйлерге орнатылады. Датчиктер демеушелірдің көмегімен алынып жатыр».
Түсіндірме жұмыстарын жүргізуге төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамы, полиция және газ инспекциясының қызметкерлері жұмылдырылды. Мамандар мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табатынын айтты.