Жаңа жыл қарсаңында орманды аймақтар мен ұлттық парктердегі шыршаларды қорғау шаралары күшейтілді. «Сайрам-Өгем» ұлттық паркінің мамандары шырша кесу жағдайларын болдырмау үшін рейдтік шаралар ұйымдастырды. Рейд барысында ұлттық парк аумағындағы әрбір күдікті әрекет жіті тексеріледі. Мамандар заңсыз әрекеттерге жол берген азаматтарға ірі көлемде айыппұл салынатынын ескертеді.
Қалжігіт Қаллыбаев, «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркінің бөлім басшысы:
«Ұлттық парктың қызметкерлері жыл басынан бері 500-ден аса рейдтік жұмыстар атқарды. 40-тан астам әкімшілік айыппұл салынды. Қазіргі таңда оның барлығы өндірілген»
Сайрам Өгем ұлттық паркінде 1600-ден астам өсімдік түрі болса, оның 62-сі Қазақстан Республикасының «Қызыл кітабына» енген. Жауаптылар «Қызыл кітапқа» енген ағаштарды кескендер қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертеді. Ал, басқа да ағаш пен бұталарға зақым келтіргендер 150 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл арқалайды.