Жаңа жылдың қарсаңында азық-түлік өнімдерін қарқынды сату науқаны басталады. Бұл мәселе үкіметте салаға жауаптылармен өткен кеңес отырысында талқыланды. Онда мереке аясындағы бағаның жоғарыламауын қадағалау, импорт өнімдерін елде өндіру сынды маңызды дүниелер ортаға салынды. Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин өз кезегінде бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Жалақының жартысы азық-түлікке жұмсалып жатыр деген әңгіме дұрыс емес. Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин қазақстандықтардың ай сайынғы табысының тек төрттен бір бөлігі ғана, яғни 22,2 пайызы азық алуға жұмсалады дейді.
Ел ішіндегі айлықтың тең бөлігі ас-ауқатқа кетеді деген сөз, шындыққа жанаспайды деген ол, азаматтардың шығындарға қатысты шатасып жататындарын айтады. Оның айтуынша, халық табысының 50 пайызы тұтыну шығындарына кетеді. Ал оған тек азық-түлік өнімдері емес, ақылы қызметтер мен басқа да тауарлар жатады екен. Бұл туралы министрлік өкілі «Казинформ» агенттігіне берген сұхбатында мәлімдеді.
Серік Жұманғарин, Премьер-министрдің орынбасары: «Тұтыну шығындарының 50 пайызы азық-түлікке кетеді. Оны жасырмаймыз, мойындаймыз. Ал тұтыну шығындары ол біздің тапқан табыстарымыздың 50 пайызы».
Күнкөріс деңгейі орташа болатын Шымкент тұрғындары жалақыларының жартысы емес, жартыдан көбі ай сайынғы азық-түлікке кетеді дейді. Және ас-дәм өнімдерінің күн сайын қымбаттап жатқандарын айтып, жалақының сонымен сәйкестенуін сұрайды.
«Жетпейді де ғой, менікі 70 ақ мың теңге. — Сонда қандай жұмыс істейсіз? — Қоғамдық жұмыс, көше тазалаймын».
«Азық-түлікке 200 мыңдай кетеді ғой. — Ол жалақыңыздың қанша пайызын құрайды? Жалпы 70/80% пайызын».
«Енді қымбаттап жатыр ғой. Доллар көтерілген сайын бәрі көтеріліп жатыр».
Доллар бағамы көтерілгенімен азық-түліктің бағасы өзгермеуі керек. Салаға жауапты мамандар дәм-тұз өнімдерінің көбі елде шығарылатынын айтып, валюта тек санаулы импорт азық-түліктерінің бағасына әсер етеді дейді. Олар – құс еті, шұжық өнімдері, балық, қант пен ірімшік. Аталғандар елде жоқ өнім емес, тек сұраныстың өтелмеуіне байланысты белгілі бір деңгейде шеттен әкелінеді екен. Мәселен, құс етінің 73 пайызы отандық ал қалғаны импорт тағы сондай қанттың 42 пайызы іштен өндіріліп, қалғаны арнайы алдырылады. Жалпы өткен қараша айы бойынша баға өсімі мынадай болды:
«Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша қараша айында азық-түлік емес тауарлардың баға индексі 0,7%, ақылы қызметтердің баға индексі – 0,8%, азық-түлік өнімдері – 1,1% болды», — деп жазылған үкіметтің хабарламасында.
Жаңа жыл қарсаңында азық-түлік өнімдерінің бағасын ұстап тұру, әсіресе жылыжайда өсірілетін көкөністердің бағасын тұрақтандырып, сауда сөрелерінде жеткілікті мөлшерде болуын қамтамасыз ету Үкімет тарапынан тиісті жауаптыларға тапсырылды.