Жаңа жыл қарсаңында азық-түлікке сұраныс жоғары болғанымен баға көтерілмеуі керек. Әлеуметтік маңызды саналатын азық-түлік өнімдерін 15 пайыздан асырып сатқан саудагерге әкімшілік жаза бар. Ал аталған санатқа жатпайтын тауарлар ше? Олардың бағасын ұстап тұру мүмкін бе?
Алдымызда жаңа жыл. Мереке қарсаңында әдеттегідей азық-түлік өнімдеріне сұраныс артады. Бұл ретте баға жаппай көтеріле ме? Жауаптылар, «жоқ, әлеуметтік маңызы бар ас-аухат тауарлары қымбаттамайды, олар біздің тұрақты қадағалауымызда» дейді. Бірақ ол тізімге кірмейтін, әсіресе мерекелік дастарханға сұранып тұратын өнімдердің бағасын ұстап тұру, айтуларынша олардың құзіретінде емес. Сондықтан да жаңа жылдың дәстүрлі тағамдары даярланатын өнімдер нарық заңдылығы бойынша саудаланады екен.
Жандос Ханиев, Шымкент қаласының ауыл шаруашылық және ветеринария басқармасының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлімінің басшысы: «Жаңа жылдық мереке қарсаңында бағаны негізсіз өсірмеу жөнінде құзырлы мекемелер мен комиссия базарларда мониторинг түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Яғни, тауар тапшылығы, абыр-сабыр болмас үшін».
Шымкентте әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасына әр апта сайын мониторинг жүргізіледі. Тексерісті әртүрлі саладан жинақталған комиссиялық топ өткізеді. Бағаны негізсіз қымбаттатқан сауда субъектісі анықталса, алғашында ескерту болады. Екінші рет қайталанған жағдайда кіші дүкендерге 10 АЕК, орта көлемдегі сауда орындарына 75 АЕК, ірі сауда-саттық желілеріне 300 АЕК айыппұл салынады. Егер сіз де жөнсіз жоғарылаған дүкенді жолықтырсаңыз, жауапты органға хабарласуға болады.
Жандос Ханиев, Шымкент қаласының ауыл шаруашылық және ветеринария басқармасының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлімінің басшысы: «Бізде басқарманың телефоны бар. 24-75-41. Бізге де біраз арыз-шағымдар түседі. Олар хабарласып, кейбір дүкендерде бағаны негізсіз өсіріп жатыр немесе сөрелерде болмай қалады деп айтады».
ӘМАТ тауарларының бағасын 15 пайыздан асыруға болмайды. Бұл бойынша жергілікті қадағалаушы орган қаламыздағы ірі сауда маркеттері «Магнум», «Грамад» және одан бөлек 70-ке тарта дүкендермен келісімшарт түзгенін мәлімдеді. Осынша сауда орнында әлеуметтік маңызды деп саналатын азық-түлік өнімдері үнемі тек бекітілген бағамен сатылатын болады. Бәлкім осыдан болар, қала тұрғындарының мереке қарсаңындағы нарыққа байланысты пікірі екіұдай болып отыр.
Тұрғын: «Қымбаттап жатыр. Барлығын долларға тіреп қойған. Доллар қымбаттады, азық-түлік те қымбаттауы керек деп жатыр».
Тұрғын: «Әзірге қымбаттаған жоқ, әзірге жақсы».
Биыл Шымкентте ӘМАТ тауарларын 15 пайыздан жоғары бағалап, сатқан 500-ге жуық сауда орындары жауапқа тартылған екен. Сонымен қатар, 250 жөнсіз делдалдар анықталып, әкімшілік шара қолданылыпты.