Бес жыл бұрын Арыстағы жарылыстан жапа шеккен әскери қызметкер әлі күнге дейін өтемақы ала алмай жүр. Осылай деген 31 жастағы бұрынғы ефрейтор снаряд қалдықтарын жинап жүріп үшінші топ мүгедегі атанған. Содан бері жұмыссыз қалған Жомарт Мұғал жауаптылар уәдеде тұрмады дейді. Сөзінше басшылық құрам жансақтау бөлімінде жатқан жігітке пәтер мен қаржылай көмек береміз деп жұбатқан екен.
Жомарт Мұғалға Арыстағы әскери қойма жарылысын еске алу оңай емес. Апаттан соң басшылық пәрменімен қалдықтарды жинауға барған ол жұмыс істеп жүріп снарядтардың бірі дәл бетіне жарылғанын айтады. Хал үстіндегі азамат Алматыдағы госпитальға жеткізілген. Әупірімдеп аман қалған азамат, жарылғыштың денсаулығына тигізген зардабын әлі күнге дейін тартып келеді.
«Бас сүйегімде снаряд қалдықтары қалып кеткен. Оның зардабы бар. Басым өте қатты ауырады. Мен жарақат алған сәтте ата-анама басшылық тарапынан көптеген уәде берілген. Осы оңтүстік өңірінің командирі генерал-мойор Қарақұлов деген кісі тікелей барған. Жағдайым жасалатынын айтқан. Көп ақша бөлінетінін, пәтермен қамтамасыз етілетінін айтып, уәде берген. Бірақ, ол болған жоқ», — дейді Жомарт Мұғал.
Денсаулығымен қоса жұмысынан да айырылған азамат қазір үшінші топ мүгедегі. «Өтемақының бір тиынын да алмадым» деген Жомарт әскери қызметтен зейнетке де соттасып жүріп шыққанын айтады. Қазір жәрдемақымен қосқанда алатын ақшасы 150 мың теңгеге жетпейді. Ал, жұмыс істейін десе апаттан кейін пайда болған талма ауруы кедергі.
«Мүгедектікпен еш жер жұмысқа да алмайды қазір. Барлығына сау адам керек. Көреді, тексереді. Барлығы шығып тұр базадан. Ешкім алмайды жұмысқа. Жүргізуші етіп те алмайды ғой, денің дұрыс болмаса. Ешқандай маған «Айбынның» пайдасы жоқ. Қазір қайтарып бер десе қазір қайтарып беремін. Маған денсаулығымды қайтарып берсе мен бәрін беремін» дейді Жомарт Мұғал.
Ал, Қорғаныс министрлігі жұмыстан шығарда Жомартқа мүгедектігі мен моральдық шығыны үшін үш миилион теңгеге жуық қаржы бергендерін айтады. Сөздерінше пәтер табыстаймыз деген басшылар қазір әскери құрамда емес темір торда.
«Қазірдің өзінде Қорғаныс министрлігі тарапынан Шымкент қаласы әкімі атына оған баспана бөлу мәселесі бойынша хат жіберілді. Сондай-ақ, Қарулы күштер тарапынан да оған уақытша баспана беру сұрағы пысықталып жатыр. Сонымен қатар, басқа да әлеуметтік көмек көрсету сұрақтары қарастырылуда» дейді ҚР Қарулы Күштері Құрлық әскерінің баспасөз қызметі.
Арыстағы жарылыстан жапа шеккен бұрынғы эфрейторға пәтер кілті қашан табысталатыны, сонымен қатар оған тағы қандай көмек берілетіні әзірге белгісіз. Себебі министрлік 6 жыл бұрын берілген уәдені орындауға енді кіріскен сыңайлы.
Назерке Үкібасова