10 жасар бала көлік қағып, қаза тапты

24
Фото: Отырар.кз

15 қаңтар күні Достық шағынауданында қайғылы жағдай орын алды. Кешкі уақытта «Lada 21703» автокөлігінің жүргізушісі жолдың белгіленбеген жүріс бөлігін кесіп өткен 10 жасар жаяу жүргіншіні қағып кетті. 19:30-да жедел-жәрдем көмегімен жасөспірім өте ауыр халде ауруханаға жеткізілген. Алайда, баланың беті бері қарамай, көз жұмды.

Ержан Байдуллаев, Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары: «Шұғыл түрде дәрігерлер жағдайын саралап, жансақтау бөліміне көтеріп, балаға қажетті ем-шаралар жүргізілді. Шокқа қарсы ем және баланың жағдайының ауырлығына байланысты өкпені жасанды желдендіру аппаратына қосылды. Дәрігерлер жүргізген емге қарамастан, алған жарақатының ауырлығына байланысты ары қарай өмір сүруге мүмкіндігі болмады. 2 сағаттан кейін бала шетінеп, қайтыс болды».

Оқиғаға қатысты полиция қылмыстық іс қозғады. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу шаралары жүргізілуде.