Үшінші мегаполисте медициналық туризм қарқынды дамып келеді. Өткен жылы шетелден Шымкентке 100-ден аса адам ем іздеп келген. Олардың басым бөлігіне №2 қалалық ауруханада күрделі нейрохирургиялық операциялар жасалды. Ота Өзбекстан, Тәжікстан, Моңғолия, Швейцариядан келген науқастарға жасалған.
Үшінші мегаполисте тәжікстандық студенттің бас миына ота жасалды. 18 жастағы науқас Шымкентке ем іздеп келген. Мұнда келуден 2 апта бұрын баланың басы ауырып, қажетті медициналық тексеруден өткен. Алайда жергілікті дәрігерлер оны өз елдерінде емдей алмайтынын айтыпты. Науқас ғаламтор арқылы шымкенттік дәрігерлерді естіп, бірден осы жаққа келген. Ал шымкенттік нейрохирургтар шетел азаматына 6 сағат ота жасап, басындағы ісікті алып тастады.
Муаттар Шарипова, науқастың анасы: «Екі апта бұрынғы жағдай мен қазіргі ахуалды салыстыра алмай тұрмын. Балам қатты ауырғанда жаным шығып кете жаздап едім. Елімізде емдемейміз дегенді естіп, өзім де ауырып қалдым. Ғаламтор арқылы Шымкентте осындай ота жасайды дегенді көріп, дәрігерлермен сөйлесіп, осы жерге алып келдім. Бағасы да тиімді, дәрігерлер де сондай мейірімді».
Дәрігерлер науқасты әуежайдан арнайы көлікпен күтіп алыпты. №2 қалалық ауруханаға жатқызып, 2 күннен соң ота жасаған. Қазір науқастың жағдайы жақсы.
Марат Әбдірашитұлы, дәрігер-нейрохирург: «Сөзі сақталған, сәл қиналады, бірақ ол нәрсе 1-2 аптаның ішінде жаймен орнына келеді. Аяқ-қолы қозғалады, жүреді, есін біледі, тамағын жейді. Кейінгі аптада үйіне шығаруды жоспарлап отырмыз».
Шымкентте медициналық туризм қарқынды дамып келеді. Үшінші мегаполиске өткен жылы 100-ден аса адам шетелден дертіне дауа іздеп келген. Мұнда ақ халаттылар жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетіп, күрделі оталар жасайды.
Бақытжан Позилов, Шымкент қалалық №2 ауруханасының бас дәрігері: «Қазіргі таңда Шымкент қалалық №2 ауруханасында біз медициналық туризімді өте белсенді түрде дамытып келе жатырмыз. Соның жақын көрінісі ретінде нейрохирургиялық операциялар, нейрохирургиялық диагностикалар. Мысалы ретінде біздің ауруханада былтырғы жылы Молдова, Швецариядан, Тәжікстаннан, Өзбекстаннан көптеген науқастар келіп диагностикадан өтіп, біздің дәрігерлер операцияларын жасап отыр».
Қалалық №2 ауруханада өткен жылы 200-ден аса ота жасалса, оның 30-ы шетел азаматтары. Науқастар Өзбекстан, Тәжікстан, Моңғолия, Швейцариядан келген. Сондай-ақ «Шымкент жүрек орталығында» 2024 жылы АҚШ, Ресей, Ауғанстан, Тәжікстан елінен келген азаматтарға жоғары технологиялық оталар жасалған.