5 мың орындық жатақхана салынады

23
фото shmk.kz

Үшінші мегаполисте 5 мыңға жуық орындық жатақхана салынады. Сондай-ақ, жұмысшы мамандықтарға басымдық беріледі. Қазіргі таңда қажетті іс-шараларды ұйымдастырып, бекіту үшін арнайы штаб құрылып, жоспар бекітілді. Шаһарда білім алатын жастар үшін тағы қандай жағдай жасалады?

Шымкентте жоғары оқу орындарының жатақханаларында студент сыйымдылығы 10 мың орынды құрайды. Қалада қазіргі уақытта студенттер үшін жатақханаға тапшылық мәселесі жоқ дейді қала әкімінің орынбасары. Дегенмен, мегаполисте халық санының өсуіне байланысты 2029 жылға дейін 5 мыңға жуық орындық жатақхана құрылысын салу жоспарланған.

Сәрсен Құранбек, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Профориентациялық жұмыстарды жүргізетін кабинеттерді дайындау, мектеп балаларына тәлім тәрбие беретін тәлімгерлерді анықтау, жұмыс жүргізу, сондай-ақ өнідірісте жұмыс істейтін мамандарды тарта отырып, олардың үздік нәтижесін кәсіптік білім алушыларға үйретуді біз жоспарға енгіздік».

Биылғы оқу жылына республикалық қазынадан 6 000, жергілікті қаржыдан 5 500 грант берілді. Бұл гранттар 28 колледждегі 78 мамандыққа бөлініп, 100% қамтылды. Басым бөлігі, яғни 67,5 пайызы жұмысшы мамандықтарға, 1933 грант педагогикалық, ал қалғаны мәдениет және өнер, сондай-ақ, медициналық салаларына берілген.

Сонымен қатар, 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап бакалавриат студенттеріне шәкіртақы 20 пайыз, магистранттар мен докторанттар үшін 15 пайызға өседі деп жоспарланған. Оның ішінде мүгедектігі бар студенттердің де стипендия біршама артады.

Сәрсен Құранбек, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Бакалавриаттардың шәкіртақысы 78558 теңге, магистранттарға 175 647 теңге, докторанттар 142 293 теңге тағайындалады. Мұның барлығы өз кезегінде жоғары білім алуға ұмтылуына, өзінің деңгейін көтеруіне ғылыми зерттеулер мен жұмыстардың артуына септігін тигізеді деп отырмыз».

Шымкентте «Жұмысшы мамандықтар жылы» бірқатар мамандықтарға басымдық беріледі. Жергілікті билік техникалық және кәсіби білімге басымдық беру мақсатында Үкімет жоспарының жеті бағытын түгел қамтитын арнайы өңірлік іс-шаралар жоспары әзірледі. Әкімдік тарапынан «Жұмысшы мамандықтар жылын» ұйымдастыру шараларын басқару бойынша өңірлік штаб құрылды. Штаб құрамы мен ережесі бекітіліп, әкімдіктің тиісті салалық басқармалары жоспар бойынша жұмыстарын бастап кетті.