Жүрек — адам ағзасындағы ең маңызды мүше. Ол ерекше назар мен күтімді қажет етеді. Көптеген жылдар бойы дәрігерлер мен зерттеушілер қатерлі жүрек дерті бар адамдарды құтқарудың жаңа әдістерін ойлап тапты. Жүрек трансплантациясы — әлем бойынша көптеген адамның өміріне араша болған емдеу әдісі.
2024 жылдың 24 шілдесінде Түркістан облысы Ордабасы ауданы Шұбарсу ауылында тұратын Кеңесбай Дәрменов 58 жасында қайта дүниеге келді. Осыдан жарты жыл бұрын Кеңесбай Дәрменовтың өмірі күрт өзгерді. Оған 18 жастағы мәйіттік донордың жүрегі салынды. Шымкентте жол апатынан қаза тапқан азаматтың ағзасы осылайша 58 жастағы ер адамға өмір сыйлады. Сол күні жол-көлік оқиғасынан қайтыс болған азаматқа дәрігерлер дереу операция жасап, оның жүрегін алып, реципиентке 6 сағат бойы ота жасап, салды. Ота Шымкенттегі жүрек орталығында сәтті жүзеге асырылды.
Кеңесбай Дәрменовке 2017 жылы гипертрофиялық кардиомиопатия диагнозы қойылған. Ол 7 жылдан астам уақыт жүрек донорын күтті. Ақ халаттылар 2018 жылы оның кеудесіне уақытша «көпір» болатын құрылғы орнатып берген.
(Гипертрофиялық кардиомиопатия — бұл жүректің құрылымдық ақауларын тудыратын және жүрек қызметінің бұзылуына әкелетін қатерлі дерт. Оны ерте анықтап, емдеу маңызды, себебі ол жүрек аритмиялары мен кенеттен жүрек тоқтау сияқты қауіпті жағдайларға әкелуі мүмкін. Егер ГКМП белгілері байқалса, дәрігерге жедел түрде қаралып, тиісті зерттеулерді жасау қажет).
58 жастағы азамат осы сәтті 2017 жылдан бері күткен. Ол қазіргі таңда жаңа жүрегінің бірқалыпты жұмыс істеп тұрғанын айтады.
«2017 жылдан бері ауырып, тексеріліп жүрдім. Ал 2018 жылы кеудеме құрылғы орнатты. Ал күту парақшасында 2021 жылдан бері тұрмын. Содан бері қанша уақыт донор күттім. Негізі алғаш диагноз қойылған кезде-ақ «сізге жүрек ауыстыру керек» деп айтылған. 2024 жылдың 24 шілде күні ауылдан, яғни Ордабасы ауданы Шұбарсу ауылынан жұмыстарыммен Шымкентке келе жатқанмын. Жүрек орталығының дәрігерлері қоңырау шалып, шақырды, дереу жетуім керек екенін айтты. «Келіп, қан талдауын жасатыңыз, өте шұғыл» деп айтты. Келіп, барлық талдауларды тапсырдым. Сөйтіп маған «Донор табылды, аға, дайынсыз ба?» деді. Сол сәтте қатты қобалжыдым. «Әрине, дайынмын» дедім. Қанша уақыт күттім ғой, осы сәтті. Алла нәсіп етіп, операция жасалып, «жаңа» жүрек орнатты. Әйелім, 4 балам бар, олар да «донор табылды» дегенді естігенде қатты қуанды. Шүкір деймін!», — деп ағынан жарылды Кеңесбай Дәрменов.
Реципиент қазір жүрегі де, басқа ағзалары да мазаламайтынын, еш жері ауырмайтынын қуана айтады. Мұның бәрі ақ халаттылардың адал еңбегі дейді ол.
«Алдында алқынып, көкірек тұсым ауырып жүруші едім, қазір оның ешқайсысы жоқ. Еркін демалып, өзімді жақсы сезінемін. Ота ұзақ жасалды деп айтып жатты. 8 сағатқа жуық созылыпты. Операциядан кейін «көзіңізді ашыңыз, аға» деп дәрігерлердің оятып, шақырып жатқанын естідім. Қандай сезімде болғаным, өзіме де түсініксіз. Қиын кез ғой, енді ол. Отадан кейін 15-16 күндей жансақтау бөлімінде жаттым. Дәрігерлер өте жақсы қарады, күтті. Ал палатада бір ай көлемінде жаттым ғой. Ақ халаттыларға көп рахмет! Мұның барлығы дәрігерлердің еңбегінің жемісі деп ойлаймын» ,- дейді реципиент.
Кеңесбай Дәрменовтің ендігі мақсаты – өмірін аман алып қалған донордың отбасымен жеке жолығып, алғысын айту.
«1 жылға дейін маған көп адамдармен қарым-қатынаста болуға шектеу қойды. Ешқайда шыға алмай қалдым ғой, күтім қажет. Шықсам, бірінші кезекте донор болған жігіттің отбасымен, жақындарымен танысып, жеке алғысымды айтқым келеді. Ендігі жоспарым сол. Донорлық әркімге бұйыра бермейді. Қанша адам күту парақшасында тұр. Оларға донор қай уақытта табылатыны да белгісіз. Мұқтаж әрбір жанға нәсіп етсін деймін! Мен өзім еш күмәнсіз, ойсыз донор болатын едім», — деді Кеңесбай Дәрменов.
Донор болған марқұм – Шымкент қаласының тұрғыны. Жол-көлік апатынан ажал құшқан 18 жастағы жігітке «ми өлімі» диагнозы қойылған. Дәрігерлер жол апатынан қайтыс болған азаматтың ата-анасымен сөйлесіп, ағзасын қолдануға келісім алған. Шешімді қабылдау оларға оңайға түспеген.
Диана Бигалиева, №1 кардиология бөлімінің меңгерушісі, Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша трансплантациялық үйлестіруші: «Қазір жағдайы бірқалыпты, жақсы, шығаруға дайындап жатырмыз. Ондай пациенттер операциядан кейін алғашқы үш айдың ішінде бір аптада бір рет келіп, тексеріліп тұрады. Одан кейін, бір жылда айына бір рет, сосын үш айда бір рет тексереміз. УДЗ, ЭКГ, толық тексеру жүргіземіз. Қан сараптамаларын бақылаймыз, дәрілерін тексереміз.Оларға тегін дәрілер беріледі».
Мәйіттен алынған жүрек трансплантациясы Шымкентте осымен екінші рет жасалды. Бұл жолы орталық мамандары ағза алмастыру операциясын өздері жасаған.Трансплантацияны Шымкент жүрек орталығының бас дәрігері Дархан Сүйгенбаев, оператордың көмекшісі Жасарал Балымов және анестезиолог Бекжан Перменов жүргізді.
Айта кетейік, мұндай жоғары технологиялық операциялар мемлекет тарапынан тегін жасалады.