Осыдан екі жыл бұрын Шымкентте адам өлтірді деген күдікке ілініп, іздеуде жүргендер Ресей аумағынан табылды. Күдікті 2 азамат тағы үш адаммен бірлесіп, жеке араздық негізінде танысына қастандық жасаған. Олар жәбірленушінің үйіне баса-көктеп кіріп, аса қатыгездікпен көптеген дене жарақатын салған. Ауыр жараланған азамат жедел жәрдем көлігінде қайтыс болған.
Әсел Беркалиева, Бас прокуратура өкілі: «Күдіктілердің екеуі ізін суытпай ұсталып, әртүрлі жазаларға тартылған. Ал қалған үш күдікті елден қашып үлгеріп, халықаралық іздеу жарияланған. 2024 жылдың мамырында сыбайластарының бірі көршілес елден экстрадицияланып, сотталды. Қалған екі іздеудегі күдікті өткен жылдың шілдесінде Ресей Федерациясының Мәскеу облысында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды.Қазіргі таңда күдіктілер тергеу изоляторына қамалды»