2022 жылы ақтөбелік ерлі-зайыптылар ажырасып кеткен. Олардың бір жасар баласының тұрғылықты жері анасымен бірге екені анықталды, оның пайдасына баланың әкесінен бала кәмелетке толғанға дейін ай сайынғы табысының ¼ бөлігі мөлшерінде алимент өндірілді. Сот орындаушысы жауапкердің жалақысынан айына 30 мың теңге көлемінде тұрақсыздық айыбын өндіріп алды.
Баланың анасы жауапкердің отбасының кәсіпкерлік қызметі туралы біліп, алимент мөлшерін азайту мақсатында оның табысын әдейі төмендетіп отыр деп есептеген. Осыған байланысты ол сотқа жауапкердің табысына барабар алимент өндірудің бастапқы тәртібін үлеспен де, тұрақты ақшалай сомада да алимент өндіруге ауыстыру туралы талап қоюмен жүгінген.
Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты істі зерттей келе, жауапкер ата-анасының меншігіндегі дәріханада 120 мың теңге жалақымен ресми түрде жұмыс істейтінін анықтады.
Алайда 2022 жылдан 2024 жылдың қыркүйегіне дейін оның банктік шоттарына 7 миллионнан астам теңге түсіп, шоттардағы максималды қалдық 512,7 миллион теңгеге жеткен. Жауапкер бұл қаражат ата-анасына тиесілі екенін алға тартқан, бірақ сотқа өзінің сөзін дәлелдейтін айғақ ұсынбаған.
Сонымен қатар, жауапкердің атына екі автокөлік тіркелген, бұл да кірісті жасыру мүмкіндігін көрсетеді. Сот жауапкердің тұрақты табысының және қосымша табысының дәлелдемелерінің бар екендігін, бұл да алименттерді есептеу кезінде ескерілуі қажеттігін атап өтті.
Сот кәмелетке толмаған баланың мүддесін ескере отырып, жауапкерден талап қоюшының пайдасына ай сайынғы табысының ¼ бөлігі мөлшерінде ғана емес, сонымен бірге тұрақты ақшалай сомада – 20 АЕК мөлшерінде алимент өндіру туралы шешім қабылдады. Соттың шешімі заңды күшіне енді.