Бүгінде азаматтарды әскерге шақыру қоғамда үлкен мәселеге айналған. Көпшілік әскердегі тыйылмай тұрған тәртіпсіздікті талқылап, түзелуін талап етеді. Әскерде адам өмірі мен денсаулығына кепілдік берілсін деген ұсыныс та айтылып жүр. Ал Отан алдындағы борышты өтеуден кімдер босатылады? Дін тұрғысынан әскерден бас тарту күнәға жата ма?
Қала тұрғыны: «Менде бала-шағамды жібергім келмейді. Мәселен, не қыламын мен жіберіп, егер дені сау бала барып6 ол жақтан табытпен келетін болса».
2025 жылы елімізде 41706 ер бала әскерге шақырылады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1500 адамға көп. Жалпы жыл сайын Отан алдындағы борышын өтеуге шақырылатындардың саны едәуір артып келеді. Соңғы кездері әскердегі тәртіпсіздік, жастардың азаматтық парызын өтеу кезінде қыршыннан қиылып жатқан деректері көптеп тіркеліп, мәселе қоғамдық резонансқа айналған. Сондықтан ата-аналар желіде белсенді түрде наразылықтарын білдіріп, ел қорғауға ұлдарымызды жібермейміз деп отыр. Ал қала тұрғындарының бірі әскерге азаматтар бару керек, бірақ жөнсіздікті түзетсе десе, енді бірі әскерге барушының денсаулығы мен өміріне кепілдік талап етеді.
Қала тұрғыны: «Негізі бару керек. Бірақ балаларға жауап беретін адам болу қажет. Егер бір адам болса, балаңыздың денсаулығына мен жауап берем дейтін, сонда сеніп жіберсең болады».
Қала тұрғыны: «Өзіміздің баламыз да Құдай қаласа әскерге баратын уақыты кеп қалды. Баратын шығар деп отырмыз. Әскердегі тәртіпсіздік? Енді ол жағына өзіміздің басымызға түспегеннен кейін бір Алла сақтасын. Не де болса ол жағын білмедім енді».
Қала тұрғыны: «Наразылық болып жатыр. Біреулер барсын деп те жатыр, негізі барғаны жақсы ғой».
Елімізде азаматтарды әскерден босату уақытша және бейбіт уақытта шақыртудан жалпы босату түрінде іске асады. Ең бірінші борышын өтеуге тиісті ерлер, мына санаттарға жатса әскерге барып келуді кейінге қалдыра алады.
«Бұл тұрғыда кейінге қалдыру отбасы әрі денсаулық жағдайына, оқуын жалғастырғандарға, кәсіби қызметін атқарып жүрген педагогтерге, ауылдағы дәрігерлерге, Парламенттің немесе жергiлiктi өкiлдi органдардың депутаттарына қатысты болады».
Ал бейбіт уақытта әскерден жалпы босатылатындар қатарына денсаулық жағдайына байланысты әскерге жарамсыз ден танылғандар. Туыстарының бірі әскерден қаза тауып немесе мүгедектік арқалап қайтқанда, сондай-ақ ғылыми дәрежесі бар азаматтар мен діни бірлестіктердің дін қызметкерлері жатады екен. Нақты қандай ауру түрлері тосқауыл болатынын айта кетсек:
«Бұл тұрғыда адамдар ішкі ағза аурулары, хирургиялық патология, неврология, көз ауруы және басқа да дертке қатысты мерзімді әскери қызметке шақырудан босатылады».
Сонымен қатар созылмалы аурудың қайсы түрімен болсын ауыратын әскер жасындағы азаматтар да шақыртудан тыс қалады дейді заңгер маманы. Әрдайым ем алуды қажет ететін науқастар болса, оларда әскерден босатылады. Тек ауру жандар емес, қылмыскерлер де Отан алдындағы борышын өтеуге шақыртылмайды екен.
Венера Нұрғалиқызы, заңгер: «Яғни, қылмыстық іс қозғалып, қылмыс жасаған адамның ісі жүргізіліп жатса, әскерге шақырылмайды. Созылмалы аурулары бар әрқашан ем қабылдайтын азаматтарды заңның 722-пунктінде көрсетілген. Сол себептен оларды әскерге шақырылған күннің өзінде де олар анықтама арқылы әскерге бармауға, оларды әскер алмайды».
Қасиетті дініміздің үкімінде де әскерге бару міндет саналады екен. Себебі киелі Құранда дұшпанға шамаларың келгенше күш-қуат әзірлеңдер деген аят бар. Бұл Отанды қорғау үшін дайындық жасауға нұсқайды. Ал елді-жерді қорғау парыз болғандықтан, Ислам діні әскери күш әзірлеуді талап етеді. Сонда мұсылман ер-азаматтарға борышты өтеу міндеттеліп, заң аясындағы әскерден босатылу себебі болмаса, бас тарту күнәға саналады.
Берік Шотабеков, Абдусаттар Сманов мешітінің имамы: «Әскерге бару бұл жалпы біздің дініміз бойынша міндет болып саналады. Ал әскердегі өлім-жітім әлбетте ол мәселе кез келген ата-ана үшін оңайға соқпайды. Өте ауыр нәрсе. Бірақ дегенмен біз елді қорғайтын азаматтарды мықты қылып тәрбиелеуіміз керек».
Өткен жылы Шымкенттен 2000 азамат әскерге аттанды. Олар ҰҚК шекара қызметіне, Қорғаныс министрлігі мен ІІМ Ұлттық ұланның әскери бөлімдеріне, төтенше жағдай министрлігі мен мемлекеттік күзет қызметіне жөнелтілген.