Ауыр және зиянды жұмыс: 180 мың теңге жәрдемақы алуға болады

22
Фото: Отырар.кз

Шымкенттегі 200-ге жуық жұмыскер ай сайын мемлекеттен жәрдемақы алып келеді. 180 мың теңге көлеміндегі қаржы оларға ауыр және зиянды өндірісте жұмыс істегені үшін беріледі екен. Қиын салада бел жазбай еңбек етіп жүрген азаматтарға жәрдемақы тағайындауды ел Президенті 2023 жылы, жолдауда айтқан болатын. Ал дәл осы заң күшіне енгенге дейін жұмыстан шығып кеткен еңбеккерлердің жайы не болмақ? Оларға мемлекет тарапынан қандай да бір көмек беріле ме?

Шымкентте өткен жылы 200-ге жуық адам ауыр және зиянды өндірісте жұмыс істейтіні үшін жәрдемақы алған. Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті тағайындайтын бұл жәрдемақының көлемі 180 мың теңге. Ол ай сайын және зейнет жасына дейін төленеді. Алайда, жәрдемақыны алу үшін жұмыскер бірнеше критерийге сәйкес келу керек.

Ержан Ергеш, Шымкент қаласы еңбек және әлеуметтік қорғау департаменті басшысының орынбасары: «Жәрдемақыны 2024 жылы біз 200-ге жуық азаматқа тағайындалды. 4 бағытта 180 мың теңге егер 4 бағыттан болса төленеді. Ай сайын, зейнеткерлік жасқа толғанға дейін жәрдемақы төленіп келді. Ал барлық криетрийге сай келеді бірақ, заң күшіне енгенге дейін шығып кеткен азаматтар барлық критерийге сәйкес келген жағдайда ол кісілерге 2 бағытқа тағайындалып келді. Яғни, ай сайын 70-80 мың теңге жәрдемақы тағайындалуда».

2023 жылы 1 қыркүйектегі Президент жолдауында ауыр және зиянды жұмыс орындарында қызмет жасап жатқан азаматтарға арнайы кәсіби-әлеуметтік төлем тағайындауды тапсырған еді. 2024 жылдың қаңтарынан бастап бұл жәрдемақыны тағайындау басталды. Мақсат – ауыр немесе зиянды жұмыс жасап жүрген азаматтарды қолдау.

Ержан Ергеш, Шымкент қаласы еңбек және әлеуметтік қорғау департаменті басшысының орынбасары: «55 жас 84 ай толық әлеуметтік-кәсіби төлемдері болған жағдайда және жұмыс істеп жатқан азамат жұмыс берушіге өтінім береді. Бірінші бағыты — Жұмыс беруші ай сайын ең төменгі күнкөріс деңгейінде төлеп отырады. Екініші – республикалық бюджеттен біздің департамент тағайындайды. Сақтандыру компаниясы – жұмыс беруші сақтайды».

Заң күшіне енгенге дейін жұмыстан шығып кеткен азаматтар жәрдемақы алу үшін халыққа қызмет көрсету орталығына барып өтініш бере алады. Ал дәл осындай салада әлі күнге дейін жұмыс істейтін еңбеккерлер өтінімді өзінің жұмыс берушісіне жолдайды.