Енді мектеп оқушылары мен балабақша тәрбиеленушілерінің рационындағы тұз бен қанттың мөлшері азайтылады. Бұл шешім Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсыныстарына сәйкес қабылданып отыр. Жаңадан әзірленген мәзірде балалардың жас ерекшеліктері мен физиологиялық қажеттіліктерді ескерілген.
Қазақстанда білім беру ұйымдарына арналған ас мәзірінің үлгісі жасалды. Тағамдар тізімін жасау барысында балалардың физиологиялық қажеттіліктері мен калория көлемі назарға алынған. Сонымен қатар, мәзірде жас ерекшелік санаттары, маусымдылығы, сондай-ақ ас блогы жоқ мектептердегі балалардың тамақтануы ескерілген.
ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің баспасөз қызметі:
«Мәзірдегі қант пен тұздың мөлшерін азайту барысында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсыныстары ескерілген. Бұл семіздік, қант диабеті, жүрек-қан тамырлары және басқа да аурулардың қаупін төмендетуге бағытталған. Мысалы, балалар тәулік бойы болатын ұйымдарда 6-10 жас аралығындағы топта қант мөлшері 55 г-тан 15 г-ға, 11-14 жас аралығындағы топта 70 г-тан 21 г-ға дейін азайтылды, яғни 3,3-3,6 есеге. Тұз мөлшері 6-10 жас аралығында 15 г-тан 3 г-ға, 11-14 жас аралығында 15 г-тан 4,5 г-ға дейін азайтылды, яғни 3,3-5 есеге кеміді».
Диетологтар ерте жаста тұзды көп пайдалану баланың денсаулығына теріс әсер етуі мүмкін екенін айтады. Тұздың артық мөлшері балалардың әлі толық дамымаған бүйректеріне қосымша жүк салып, қызметінің бұзылуына әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, бұл артериялық қысымның жоғарылауына ықпал етіп, ересек жаста гипертонияның даму қаупін арттырады екен.
Луиза Алтынбекқызы, диетолог-нутрициолог: «Тұзды шамадан тыс пайдалану ағзадағы сұйықтықтың шығуына әсер етуі мүмкін. Егер балалар, тұзды көп қолданса, олардың ағзасында сұйықтық жиналады. Бұл балалардың буындарына әсер етуі мүмкін. Осыдан артроз, артрит сияқты сүйекке байланысты басқа да аурулар пайда болуы ммүкін. Сондықтан мектептегі асхана мәзірінде тұз мөлшерінің азайтылуы жақсы жаңалық»
Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сәйкес, мектептер мен балабақшалардағы негізгі мәзірге ет, балық және көкөніс тағамдары мен жаңа піскен көкөністерден жасалған салаттар және қант мөлшері төмен сусындар кіреді.
Балалардың өсуі мен дамуына, сондай-ақ аурулардың алдын алуға қажетті аз майлы сүт, пробиотиктері бар қышқыл сүт өнімдері және көкөністер мен жемістердің саны көбейтілген. Айта кетсек, Ел Президенті мектеп асханаларында пайдаланылатын өнімдердің сапасын арттыру мәселесін назарға алуды тапсырған еді.