Білім ордаларының саны 11 жайлы мектеппен толықты

26

Шымкенттегі білім ордаларының саны 6 мектеппен толықты. Жаңа нысандар «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтерген. Қала әкімі білім ұяларын аралап, мердігерлердің жұмысын тексеріп қайтты.

Шымкентте бірден 6 мектеп пайдалануға берілді. Білім ордаларының бірі Жаңа Тұрлан шағынауданында орналасқан. Нысан мемлекеттік «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған. Мекеменінің құрылысын жүргізген мердігерлер «жайлы мектептің жайлы боларына кепілдік береміз»,- деді.

Асыл Ибадуллаұлы, мердігер мекеме өкілі: «8 қаңтардан бастап бала кіргізуге дайынбыз. Жалпы құрылыстың құны 6 млрд 800 млн теңге. Ақша 100 пайыз игерілген. Жұмыстар аяқталды. Жайлы мектептің жайлы боларына кепілдік береміз. 5 жылға дейін біздің гарантиямыз бар»

Білім ғимараттары мегаполистің 5 ауданында орналасқан. Тұран-2, Жаңа Тұрлан, Ұлағат шағынауданы мен 276-шы орамда 1200 орындық мектептер салынған. Ал, Бозарық шағынауданында 2000, Ақжарда 600 балаға лайықталған білім ордалары ел игілігіне табысталды. Қала әкімі жаңа нысандарды толық аралап, мердігерлердің жұмысын тексерді.

Ашылып отырған жаңа нысандардың ерекшелігі – барлық заманауи стандарттарға сай болуы. Мұнда цифрлық білім беру сыныптары, IT зертханалар, спорт және шығармашылық үйірмелерге арналған кеңістіктер қарастырылған.

Салтанат Абдурахманқызы, № 141 жалпы орта мектебінің директоры:
«Бізде 2 спортзал бар. Үлкен мәжіліс залы бар. Сонымен қоса сыртта теннис корттары, баскетбол, волейбол, футбол алаңдары бар. Мектепте 89 кабинет бар. Оның 56-сы оқу кабинеттері. Оқушыға барлық жағдай жасалған»

Осылайша биыл Шымкенттегі білім ордаларының саны 11 жайлы мектеппен толығып, 16 мың оқушы орны құрылды. Ал, жаңадан ашылған білім ордаларына мұғалімдер конкурс арқылы қабылданбақ.