Қазақстандағы ең төменгі жалақы мөлшері бұрынғы деңгейде қалатындықтан, әлеуметтік медициналық сақтандыру төлемдерінде көп өзгеріс болмайды. Дегенмен біржолғы төлем мөлшерінде өзгеріс бар. Сондай-ақ, төлемді енгізу тәсілдері оңай болғанымен, тұтынушылар тарапынан жіберілетін қателіктер де жоқ емес дейді мамандар. Қазіргі уақытта әсіресе жүкті әйелдер арасында проблемалар туындап жатқан көрінеді.
Еліміздегі ең төменгі жалақы мөлшері бұрынғы деңгейде қалатындықтан, МӘМС төлемдерінің көбісі өзгермейді. Дегенмен біржолғы төлем мөлшері өзгереді. Нақтырақ айтқанда, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында дербес төлеушілер мен жеке кәсіпкерлер үшін жарналарды есептеу негізі ретінде ең төменгі жалақы алынады. 2025 жылы бұл көрсеткіш өзгермей, 85 000 теңге болып қалды. Осыған байланысты, жарналар мөлшері де өзгеріссіз қалады. Өзгеретін біржолғы төлем мөлшерінің үлесі 21,5%-дан 23,8%-ға дейін көтеріледі.
Ахмет Беден, ӘМСҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының бөлім басшысы: «Жеке кәсіпкер деп айтамыз, қазіргі кезде ешқандай проблема жоқ. Оны салық комитеті бақылауда ұстайды. Бізде ең төменгі бір айлықтың, яғни 85 мың теңгенің 1,4 еселенген 5 пайызы, яғни 9550 теңге жеке кәсіпкерлер төлеуге шешім қабылданды».
Қазіргі уақытта міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды төлеу кезінде азаматтар бірқатар қателіктерге жол береді дейді мамандар. Мәселен, қаржының барлық сомасын бір айға емес, 12 айға бөліп төлеу қажет. Сондай-ақ, мәселелердің бірі жүкті келіншектерге қатысты екен.
Ахмет Беден, ӘМСҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының бөлім басшысы: «Күрделі сұрақтың бірі болып тұр. Себебі азаматтар мобильді қосымшаны білсе де, 12 айға бөліп төлеудің орнына, 1 айға төлеп жіберген жағдайлары бар. Яғни, ол 1 айға төлеп жіберсе, 12 айға толық төлемесе автоматты сақтандыру болмайды. Себебі ол 12 айға бөліп төленбеді. Жүкті әйелдер құжаттарын дұрыс тапсырмау, дұрыс тіркемеу, КМИС-ке тіркелмей қалу салдарынан жүкті әйелдердің сақтандыруы шықпай жатқан жағдайлары бар».
Айта кетейік, мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне төлемдер, ең алдымен, азаматтардың денсаулық сақтау қызметтеріне қолжетімділігін арттыру және медициналық көмекке төленетін шығындардың бір бөлігін жабу үшін төленеді. Бұл жүйе Қазақстанда денсаулық сақтау саласындағы реформалар мен әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету мақсатында енгізілді.