Созақта газ балоны жарылып, бүтін бір үй күлге айналды. Баспана ішінде 6 адам болған. Оның бесеуі бала. Өрт сөндірушілер келгенге дейін көршілер үйінді астынан өртке оранған тұрғындарды ауруханаға жеткізген. Бүгінде олардың үшеуі жансақтау бөлімінде. Қалғандары хирургия бөлімге жатқызылған.
Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі:
«Науқастар Созақ аудандық орталық ауруханасында ем қабылдауда. Қазіргі таңда науқастардың жағдайлары тұрақты ауыр, қажетті медициналық көмек толық көлемді жүргізілуде. Қосымша кеңес беру мақсатында медавиация желісі бойынша балалар камбустиологы және балалаар реаниматологы маманы шақыртылды»
Оқиға 24 қаңтарда болған. Бүгінде жарылыс салдары анықталып жатыр.
Қанат Ақбаев, Созақ ауданы ТЖБ бастығы азаматтық қорғау подполковнигі:
«Созақ ауданы, Аққолтық ауылында жеке тұрғын үйде тұрмыстық газ балонынан газ-ауа қоспасының жарылысы орын алып, 180 шаршы метр аумақтағы тұрғын үй толығымен қираған. Сағат 21:40 та қираған үйіндіні ашу жұмыстары барысында 20 шаршы метрдегі қираған төбе жаппасының жануы орын алды. Өрт сағат 21:55-те оқшауланып, сағат 23:12-де толық сөндірілді»