Былтыр 1800 жасөспірім қыз жүкті болып қалған

22

Түркістан облысында 300-ден астам жасөспірім қыз жүкті болып қалған. Бұл өткен жылдың 10 айындағы жағдай. Былтыр жалпы ел бойынша 1800 жасөспірімнің жүктілік жағдайы тіркелген. Кәмелетке толмағандардың жүктілік көрсеткіші азайғанымен, статистика әлі де жоғары деңгейде. Ерте жүктіліктің жас аналарға әсері қандай?

Өткен жылы Қазақстанда 1800 кәмелетке толмаған қыз жүкті болған. 2023 жылмен салыстырғанда көрсеткіш азайған. Антирейтингте тізімнің басында тұрғандардың бірі — Түркістан облысы. Өңірде 10 айдың ішінде 370 жасөспірім ана тіркелген. Ерте жүктілік көбінесе 15-17 жас аралығындағы қыздарда байқалады. «Көмек» дағдарыс орталығының психологы Перизат Қалдарова қыздар көбіне тек босанар алдында ғана көмекке жүгінетінін, кейбірі тіпті жүкті екенін кеш білетінін айтады.

Перизат Қалдарова, «Көмек» бейімдеу орталығының психологы: «Ешқандай жоспарсыз болғандықтан, бірінші кезекте жасөспірімнің өзіне өте үлкен әсерін тигізеді. Жасөспірімнің ата-анасының алдында кінә сезімі, ұят сезімі болады, өзін кем санайды, жаман нәрсе жасап қойғандай қатты күйзеліске түсе бастайды».

Сарапшының айтуынша, жүктілік көбінесе зорлық-зомбылық салдарынан болады. Ал оңтүстікте инцест жағдайлары да жиі кездесетін көрінеді.

Перизат Қалдарова, «Көмек» бейімдеу орталығының психологы: «Ең көбі инцест көп болады, үлкендердің, сексуалдық зорлықтың құрбаны болып келеді немесе интернет, телеграм, ватсап желілері арқылы, жаман ұят видеоларды балаға көрсетіп, қорқыту арқылы зорлық жасаған, ондай жағдай да бар».

Кей жағдайларда қыздың ата-анасы дүниеге келген нәрестені өз қамқорлықтарына алады, бірақ көбінесе сәбилер балалар үйіне беріледі екен. Сарапшылар жасөспірімдермен жыныстық тәрбие туралы сөйлесу маңызды деп отыр. Қорғалмаған жыныстық қатынас жоспарсыз жүктілікке ғана емес, сонымен қатар түрлі ауруларға, оның ішінде бедеулікке шалдықтыратын жұқпалы дерттерге әкелуі мүмкін.

Елена Лушаева, ҚР штаттан тыс Бас балалар гинекологы: «Жасөспірімдерге халықтың әлеуметтік қорғалмаған тобы үшін жыныстық байланыстан түрлі қорғаныс әдістер бар, гормоналды төмен дозалы контрацептивтер бар. Бұл заттарды жасөспірімдер анонимді түрде тұрғылықты жері бойынша жастар денсаулық орталықтарынан ала алады».

Кәмелетке толмағандармен жасалған кез келген жыныстық әрекеттер қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Өткен жылдың басынан бері республикада «16 жасқа толмағандармен жыныстық қатынас немесе басқа да жыныстық сипаттағы әрекеттер» бойынша 218 қылмыстық іс тіркелсе, оның 213-і қыздарға қатысты.