Депутат жүргізуші куәлігін беру жолдарын қиындатуды ұсынды

21

 

Мәжіліс дептутаты жүргізуші куәлігін беру жолдарын қатаңдатуды ұсынды. Данабек Исабековтың сөзінше, Қазақстанда өткен жылы орын алған жол-көлік оқиғаларының саны артқан. 2024 жылы 31500 жол көлік апаты болып, 2579 адам мерт болған.

Депутат жол апаттары шамадан тыс жылдамдықты арттыру, мас күйінде рөлге отыру және ережені өз деңгейінде сақтамай, көлік жүргізу салдарынан болғанын жеткізді. Ол жолда жүру ережесін сақтамайтындар өте көп дейді. Бұған әсер ететін фактордың бірі – жүргізуші куәлігін беретін орындардағы сыбайлас жемқорлық.

Данабек Исабеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: «Әрине, бақылау болмаған жерде тәртіп те болмайды. 2009 жылы ІІМ жүргізушілерді даярлайтын оқу ұйымдарын лицензиялау алынғалы мониторинг тоқтады. Қазір автомектептерде оқымай-ақ анықтама алып, мамандандырылған ХҚКО сынақ тапсыра алады. Қазіргі уақытта автомектептер ешқандай жауапкершілік алмайды. Оқыды деген анықтаманы оңды-солды береді».

Мәжілісмен теориялық және практикалық сынақ тапсыратын орындарда құқықбұзушылықтардың көп екенін атап өтті. Айтуынша, өңірлерде манипулцияны қолданудың 200-ден астам фактілері анықталған. Депутат жол жүру ережелерін қатаңдататын заң нормаларын қарастыруды ұсынды.