Қан доноры болу – біреуге өмір сыйлаудың ерекше жолы. Алайда, бұл игі іс қаншалықты әділ бағаланып жүр? Донор болу үшін нені білу қажет?
Елімізде қан тапсыратын азаматтарға мемлекет тарапынан өтемақы қарастырылған. Дегенмен, оның мөлшері 1 айлық есептік көрсеткішке де жетпейді. Яғни, 983 теңгені құрайды. Ал бұл қаражат ағзадағы энергия шығындары мен өз қанының көлемін толықтыру үшін беріледі екен.
Жайнар Астанаева, Шымкент қалалық қан орталығы директорының орынбасары:
«Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы бойынша донорға қан тапсырғаннан кейін 0,25 АЕК көрсеткіш мөлшерінде компенсация беріледі. Және қан тапсырардың алдында күлше мен тәтті шай береміз. Қаражат қан тапсырып болғаннан кейін кассада беріледі. Сол кезде алып кетеді. Және егер жұмыс істейтін болса, жұмыс орнына анықтама да беріледі, қан тапсырғандығы туралы»
Донор 60 күн сайын қан тапсыра алады. Өтемақы әр қан өткізуден кейін төленеді. Бүгінде Шымкенттегі қан орталығында 600-ден астам тұрақты донор бар. Соның бірі — 50 жастағы Айгүл Қожабекова.
Айгүл Қожабекова, донор: «4 жылдан бері тапсырам ғой енді. Өзіме де жақсы. Ұнайды. Халықтың да өмірін құтқарып қаламын. Барлығының келіп тапсырғаны дұрыс деп ойлаймын»
Донор 450 миллилитр көлемінде ғана қан тапсырады. Қан тапсырушының салмағы 55 килограммнан төмен болмауы керек. Тегін медициналық тексерістен өткен, созылмалы аурулары жоқ азамтатар ғана қан доноры бола алады.
Жайнар Астанаева, Шымкент қалалық қан орталығы директорының орынбасары:
«Қан тапсырардың алдын бір күн бұрын майлы, ащы, сүт өнімдерін қолданбау керек. 2 тәулік бұрын алкогольдік ішімдік ішпеу керек. Ұйқысын қандырып жақсы демалып келу керек»
Айта кетейік, мегаполистегі орталықта жылына 30 мың донор қан тапсырады. Қан көлемі — 45 мың доза. Бұл шамамен 200 мың литр қан. Дәрігерлер жыл санап бұл игі іске үлес қосушылар санының артып жатқанын айтып отыр.