Елімізде 150-ге жуық адам жүрек транслантациясының күту парағында тұр

688
фото Отырар.кз

Жүрек трансплантациясы – медицина саласындағы ең күрделі және маңызды жаңалықтардың бірі. Бұл ота өмір мен өлім арасындағы сызықта тұрып, жүрек ауруларының соңғы кезеңіндегі науқастарға үміт береді. Қазіргі таңда жүрек трансплантациясы әлемнің көптеген елдерінде жүзеге асырылып, қаншама науқастың өмірін ұзартуға мүмкіндік беріп келеді. Бірақ оның дамуы мен практикалық қолданылуы әлі күнге адамдар арасында түрлі сауал туғызады.

Жүрек трансплантациясының дамуы

Жүрек трансплантациясы Қазақстанда соңғы жылдары айтарлықтай дамып келеді. Бұл медициналық салада елімізде бірқатар маңызды қадам жасалды. 2000 жылдардың басында Қазақстанда жүрек трансплантациясы тек шетелде жасалатын еді, алайда бүгінде ел ішінде де осы операциялар сәтті өткізіліп келеді.

Қазақстанның жетекші медициналық мекемелерінің бірі — Астана қаласындағы Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы жүрек трансплантациясының орталығы ретінде танымал. Бұл мекеме 2012 жылдан бастап жүрек трансплантациясын жүзеге асырып келеді.

Қазақстандағы жүрек трансплантациясын дамыту үшін бірнеше маңызды шаралар қолға алынған. Қажетті жоғары технологиялық құрал-жабдықтар мен операциялық әдістер енгізіліп, жыл сайын мамандар біліктілігін арттырады. Жүрек трансплантациясының нәтижелерін жақсарту үшін ғылыми зерттеулер мен клиникалық тәжірибелер жүргізіліп келеді. Бұдан басқа, донорлық органдарды табу мен тарату жүйесі де жетілдірілуде, өйткені трансплантацияға қажет жүрек донорларының саны аз. Бұл мәселелерді шешу үшін арнайы донорлық бағдарламалар мен заңнамалық шаралар қолға алынған.

Жалпы, жүрек трансплантациясының Қазақстанда дамуы ұлттық кардиология саласының дамуына зор ықпал етіп отыр. Бұл — осы саланың болашағы оң бағытта екенін көрсетеді.

Бүгінде трансплантация процесі көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Жаңа донорлық жүректер табу мәселесі шешілмегенімен, өмір сүру ұзақтығы мен науқастардың өмір сапасы жақсарды. Осы уақытта трансплантациядан кейінгі науқастардың өмір сүру көрсеткіші бұрынғыға қарағанда едәуір өсті. Бұл жалпы хирургия мен иммунология саласындағы ілгерілеулердің нәтижесі.

Жүрек трансплантациясының проблемалары

Жүрек трансплантациясының дамуы көптеген қиындықтарға тап болғанымен, оның алдында әлі де үлкен мәселелер тұр. Біріншіден, донорлық жүрек тапшылығы. Бұл – әлемдегі ең үлкен проблемалардың бірі болып қала береді. Донорлық органдарды табу қиын, әсіресе жүрек трансплантациясына сұраныс артқан сайын қиындай түсуде. Әр жыл сайын жүздеген мың науқас жүрегін ауыстыруды күтеді, бірақ көптеген адам қажетті жүректі таба алмай, өмірден озып жатыр.

Екіншіден, трансплантациядан кейін пациенттердің иммундық жүйесінің жаңа жүректі бөтен дене ретінде қабылдауы. Жаңа ағзаның бас тарту мүмкіндігі – тағы бір негізгі қиындық. Бұл дегеніміз иммунды басатын препараттарды өмір бойы қабылдауды талап етеді, бірақ олар инфекциялардың пайда болу қаупін арттырады. Ал бұл пациенттердің өмір сапасын төмендетуі мүмкін. Дәрілердің жанама әсерлері мен оларды ұзақ мерзімді тұтыну денсаулыққа үлкен салмақ түсіреді.

Үшіншіден, жүрек трансплантациясы — тек қана орган ауыстыру емес, ол өмір бойы бақылауды талап ететін процесс. Пациенттер операциядан кейін көптеген медициналық тексерулер мен оңалту шараларын қажет етеді. Осы уақытта жаңа жүрекке бейімделу кезеңі мен өмір салтын өзгерту де көптеген қиындықтар туғызады.

Жүрек трансплантациясымен байланысты тағы бір үлкен проблема – операцияның өзіндік тәуекелдері. Жүрек трансплантациясы күрделі операция болғандықтан, ол үлкен хирургиялық тәуекелдер мен қалпына келтіру кезеңіндегі қиындықтарды қамтиды. Сонымен қатар, көптеген пациенттер операциядан кейінгі алғашқы айларда түрлі асқынулармен кездесуі ықтимал.

 

Бұл ретте, Шымкент жүрек орталығының мамандары мен мүмкіндігін атап өткен жөн. Қазіргі таңда орталық жүрекке қатысты барлық ота түрін жасайды. Үшінші мегаполисте кейінгі екі жылда екі науқастың жүрегіне трансплантация жасалды. Реципиенттердің қазіргі жағдайы жақсы. Ақ халаттылар қазір орталықта ота жасайтын қажетті мамандар қатары толығып, білікті дәрігерлер саны артқанын айтады.

«Бізде 2023 жылы алғашқы жүрек трансплантациясын жасадық. Ол астанадағы Ұлттық кардио Ұлттық кардиохирургия орталығының мамандарымен жасадық, профессор Юрий Пя басқарып келді. Сол кісілермен бірге істедік. Екінші трансплантация бізде 2024 жылы болды, тура бір жылдан кейін. Операция сәтті, ешқандай асқынусыз өтті. Жалпы біздің орталық техникалық тұрғыдан толығымен дайын. Оған техникалық та, мамандардың да күш-жігері барлығы сай. 24 сағат жұмыс істеледі бұл центрде, операция да барлығы. Енді-енді команда жақсы жиналып жатыр, бұл командамен істелетін операция. Мамандардың барлығы біліктілігін арттырып, операция жасауға сай деп айтуға болады. Оқыған кардиолог, кардиохирург, УДЗ маманы, бәрі бар»,- дейді білікті кардиохирург Тыныбек Сапаров.

Жүрек — адам ағзасындағы ең маңызды орган. Ерекше назар мен күтімді қажет етеді. Ал жүрек трансплантациясы – әлемде қаншама адамды құтқарған емдеу әдісі. Алайда, барлығы бірдей жүрек алмастыра алмайтындықтан, олардың кеудесіне «көпір» ретінде қолданылатын құрылғы орнатылады.

«2021 жылдан бастап біздің орталықта донор тапшылығы әсерінен жүрек жетіспеушілігімен ауыратын науқастарды осы операцияға жеткізу үшін арнайы құрылғы бар. Ол сол жақ сорғы деп (насос) деп аталады. Құрылғы 2021 жылдан бастап 16 науқасқа қойылды. Яғни, бұл науқастар жүрек жетіспеушілігіне дейінгі кезеңдегідей өзін жақсы сезіне алады. Және донор кезегінде тұра алады. Бұл соған дейінгі «көпір» ретінде саналады. Ол тек жүрек жетіспеушілігімен ауыратын науқастарға қойылады. Оның белгілі уақыты жоқ және пациентке құрылығымен қалай жүретіні толық үйретіледі. Қазақстанда бұл құрылығыны Астана қаласында бірініші рет қойған болатын. Яғни, 10 жылдан астам уақыттан бері қанша адамға қойылып келе жатыр. Құрылғымен 10 жылдан астам жүрген науқастар да бар. Жылына біздің орталықтан 4-тен 6 науқасқа дейін қойылып келе жатыр. Биыл бірінші жартыжылдықта 5 науқасқа орнатамыз деп жоспарлап отырмыз, себебі қажет ететін адам көп», — дейді Шымкент қаласының жүрек жетіспеушілігі бойынша аймақтық үйлестірушісі Айнаш Балабекова.

 Бұл құрылғы жүрек қабығы қалыңдап кететін жағдайда қойылмайды. Ол кезде науқасқа донор күткеннен басқа амал қалмасы анық. Ал құрылғысыз, трансплантациясыз аурудың тек ушығатыны да бар.

«Науқастарды бүкіл зерттеулерден өткіземіз. Ол науқастарда қосымша ешқандай инфекция болмау керек. Басынан-аяғына дейін барлық ағзасын тексеріп шығамыз. Қосымша аурулары болатын болса, науқасты емдеп көреміз. Бір қалыпқа келтіргеннен кейін дәрігерлерден құралған команда тексеріп, зерделеп, науқас трансплантацияға қаншалықты сәйкес келетінін анықтайды. Егер сай келсе, консилиумнан кейін күту парағына кезекке қояды», — дейді Айнаш Балабекова.

Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша 15 науқас жүрегіне донор күтіп, кезекте тұр. Жүрек жетіспеушілігіне шалдығып, ағзаға мұқтаж жандардың саны көп болғанымен, донор жоқ дейді мамандар. Дегенмен, дәрігерлер қатерлі аурулардың алдын алу үшін немесе ерте кезеңде анықтау үшін қолдан келгенді аянып қалып жатқан жоқ. Шымкенттегі әрібір емханада жүрек жетіспеушілігіне арналған кабинет қарастырылған.

«Жылдан жылға жүрек трансплантациясын жасау дамып келеді. Ашылғалы бері бүгінге дейін үлкен жетістіктерге жеттік. 2023 жылға дейін трансплантациядан басқа барлық жүрекке жасалатын ота түрі жүргізіліп келді. Қазір, яғни, 2023 жылдан бастап кардиохирургия саласындағы барлық ота Шымкент жүрк орталығында жасалады.

Елімізде жүрек жетіспеушілігіне арналған жол картасы әзірленген. Соның ішіндегі бір бағыттың өзі – жүрек жетіспеушілігінің фракциясы 30-дан төмен науқастарға қандай ем қолданыталыны жөнінде. Олар тек дәрі ішіп жүрген кезде бір бөлме ішінде ғана қимылдай алады, ары қарай ентігіп, ауа жетпей, нашар халде болады. Қаламызда мұндай 8000-ға жуық науқас бар. Біздің орталықта олар үшін жүрек жетіспеушіліген арналған 3 кабинет бар, ал қалада әр емхана деңгейінде 17 кабинет бар. Жүрек жетіспеушілігіне жетпеу үшін олар қаралып, қажетті дәрі-дәрмекті тегін алып, емделіп, тексеріліп отырады», — деп мәлімдеді Шымкент қаласының штаттан тыс бас кардиологы Гүлмира Алипова.

КІМДЕР ДОНОР БОЛА АЛАДЫ?

Жүрек трансплантациясына донор бола алатын адамдар бірнеше шарттарға сәйкес болуы керек. Донор ретінде көбінесе миы өлген, бірақ жүрегі мен басқа органдары әлі де жақсы жұмыс істеп тұрған адамдар таңдалады. Ал олардың жас мөлшері мен жалпы денсаулық жағдайы – өте маңызды фактор.

Донор болуға арналған негізгі шарттар:

1. Донордың жүрегі сау болуы қажет.

2. Донорда инфекциялық немесе қатерлі ісік аурулары болмауы тиіс.

3. Донордың жасы, әдетте, 18 бен 60-70 жас аралығында болуы керек.

Донор болу үшін, сондай-ақ, донордың туыстары немесе заңды өкілдері рұқсат беруі керек. Әрбір жағдай жеке қаралады, себебі донор мен қабылдаушы арасындағы сәйкестік өте маңызды.

Шымкент қаласында жүрек жетіспеушілігіне шалдыққан 8000-ға жуық науқас тіркелген. Жүрек трасплантациясы – адам өмірін құтқаратын хирургиялық процедура. Бұл операция елімізде сәтті түрде жүзеге асырылып келеді. Ал сәтті трансплантация – пациенттердің ары қарай дертсіз, қалыпты өмір сүру сапасын жақсартады.

Қазақстанда 2012 жылы Ұлттыұ кардиохирургия орталығында алғашқы жүрек трансплантациясы жасалды. Бүгінге дейін Астана қаласында 96, Шымкентте 2 жүрек трансплантациялық операциясы өткізілді.

Жүрек трансплантациясы – адам өмірін сақтап қалу үшін маңызды, бірақ қиын әрі күрделі процесс. Оның дамуы медицина мен технологиялардағы маңызды жетістіктерді көрсетеді. Дегенмен, донорлық органдардың жетіспеушілігі, иммундық жүйенің реакциясы және операциядан кейінгі күтім сияқты мәселелер әлі де шешімін тапқан жоқ. Алайда болашақта осы мәселелерді шешуге бағытталған инновациялар жүрек трансплантациясының тиімділігін арттырып, науқастарға жаңа өмір сыйлауға мүмкіндік береді.