Оңтүстіктің тумасы белгілі жазушы, журналист Мархабат Байғұт биыл тірі болса 80 жасқа аяқ басқан болар еді. Осыдан үш жыл бұрын қарымды қаламгер о дүниеге кете барды. Дегенмен қалың қазақ еліне жұбаныш жазушының артына қалдырған бай мұрасы болды. Бүгінде тұлғаның өшпестей өнегесін жандандыру мақсатында, алыптың атымен журнал жарық көріп, интернетте ақпараттық сайт ашылды. Мархабат Байғұттың 80 жылдығын өткізу жобасы осылай басталды.
Түлкібаста туылып, түркі әлеміне дейін танылған белгілі жазушы, журналист Мархабат Байғұттың туғанына 80 жыл. Осыған орай, көркемсөзде көшбасшы, көсемсөзде қолбасшы болған ұлтының ұлы тұлғасына арнап, журнал жарық көріп, ғаламтордағы сайтының тұсауы кесілді.
Енді қарымды қаламгердің бай мұрасына әдебиетсүйер қауым оңай қол жеткізеді. «Markhabat.kz» алыптың атына ашылған ақпараттық порталға руханият пен публицистикаға елеулі үлес қосқан жанның еселі еңбектері енгізіледі. Сондай-ақ «Мархабат» журналының әрбір жарияланымы да сайтқа шығып отырады.
Ғалымжан Елшібай, «Мархабат Байғұттың туғанына 80 жыл» жобасының жетекшісі: «Ақпараттық порталдан Мархабат Байғұтқа қатысты кез-келген дүниені фото-архивтер, Мархабат Байғұттың берген сұхбаттары, фильмдері, Мархабат Байғұт туралы жазылған шығармалар, Мархабат Байғұттың өзі жазған шығармалар, жалпы Мархабат Байғұт төңіргінде кім не іздесе, керегін осы ақпараттық порталдан табады».
Кезінде Мархабат Байғұт бағытын бағамдап, аяққа тұруына септескен журнал енді «Мархабат» журналы деп аталып, жарияланымын жалғастырады. 2019 жылы баспасөзге беттеген журнал, бүгінде еліміздің 10-нан аса өңіріне әр нөмірі 2 мың данамен тарайды. Жаңа келбетке ие болған басылымның бас редакторы Оралхан Дәуіттің айтуынша, журналдың аты ауысқанымен заты солай боп қалады. Яғни әдебиетке қалам тербеп жүрген жас буынның шығармалары қарқынды жариялана береді. Бұл ретте марқұм Мархабат Байғұттың есімі, ізбасарларының жалындауына шуақ шашады.
Оралхан Дәуіт, Журналдың бас редакторы: «Қолдарыңызға қазір журнал тиді. Журналдан көргендеріңіздей сол журналдың бұрынғы мақсат-мұраты, жас таланттарды көрсету. Солардың шығармаларын беру. Мархабат Байғұттың 80 жылдығына байланысты жыл бойы үлкен әдеби байқаулар жалғасады. Бұның барлығы осы журналда көрініс табады».
Мархабат Байғұт тегіс қазақтың игілігіне қызмет атқарған жан болды. Дегенмен оның мұрасын жандандыруда басымдық оның өлкесіне жүктеледі. Сәйкесінше Шымкент қаласы мен Түркістан облысы биыл қайраткердің 80 жылдығында кезектесе іс-шара өткізеді.
Құрметтеу мен ұлықтаудың басы Шымшаһардағы Әл-Фараби кітапханасында тұлғаны ардақтайтын қос жаңа дүниенің таныстырылымымен басталып отыр. Шараға алыс-жақыннан ақын-жазушылар бастаған зиялы қауым өкілдері, бірқатар шенеуніктер және оқырмандар қатысты. Сонымен бірге Мархабат Байғұттың жары да қонақ болды.
Анар Жаппарқұлова, Әл-фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының басшысы: «Өзі кетсе де ол кісінің сөзі, еңбегі, өлмес мұралары қалды. Бастаманы көтеріп жатқан халық қалаулысы Ғалымжан Елшібай ағамыз. «Мархабат» журналы «Абай» журналы сияқты, «Мұқағали», «Жамбыл» журналы сияқты ғұмыры ұзақ болсын. Оқырмандарына берері мол журнал болады деген үміттеміз».
Мархабат Байғұттың 80 жылдық жобасының бастамашысы Ғалымжан Елшібай енді қаламгердің атымен аталатын журналға жазылуға челлендж жолданғанын хабарлады. Шымкент мәслихат депутаттарының атынан сөз сөйлеген Бахадыр Нарымбетов, қалалық халық қалаулыларының барлығы журналға жазылғанын айтты.
Жазылмандарға журнал пошта арқылы жеткізіледі. Алда Мархабат Байғұттың мерейлі жасын атап өтуге әлі бірқатар іс-шараларды ұйымдастыру жоспары бар. Ең ауқымдысы халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымымен бірге өткізу жоспарланып отқан шара болмақ. Шығармалары әлемнің көптеген тілдеріне аударылып, өзі біраз шетелдік шедеврларды қазақшаға аударған тұлғаның атын халықаралық деңгейде ұлықтау тиісті деп саналып отыр.