Жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың басшысы және жұбайларының шоттарына түскен мобильді аударымдар тексеріледі. Еліміздегі екінші деңгейлі банктер мемлекеттік кірістер комитетіне жоғарыда аталған санаттағы азаматтар бойынша өткен жылғы мобильді аударымдар дерегін тапсыруды бастап кетті. Одан бөлек мобильді аударымға әбден үйреніп қалған қарашаның осы жылғы қаржылық кіріс-шығысы есепке алынатынын айта кетсек. Ендігі кезек жеке тұлғаларда.
Енді мобильді аударымдарды тіркеу кезегі қарапайым халыққа да келіп жетті. Алдағы жыл бойы ел азаматтарының банк шоттарына түскен аударымдар санын, банк ұйымдары тіркеп отырады. Сөйтіп ендігі жылы 3 ай көлемінде ай сайын 100-ден аса тұлғадан аударым қабылдаған қазақстандықтарды салық органдарына тапсырады. Алдындары тек 100 адамнан аударым деген өлшемшарт болса, бұдан былай жылдың төрттен бір бөлігіндегі аударымдар соммасының көлемі де бекітілгелі отыр.
Ұсынысты жасап отырған мемлекеттік кірістер комитетінің мамандары бұл ережені былай түсіндіреді. Айталық, кәсіпкерлік кодексте бір жыл ішінде ең төменгі жалақының 12-ге еселенген табысын тапқандар жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ табыс табуға құқылы еді. Осы ескеріліп, ең төменгі жалақы 85 мың теңгені үш айға үшке көбейткенде, 255 мың теңге сома көлемін көрсетеді.
Сондықтан аталған норманы аттап кетпеу мақсатында, осы сомма енгізілгелі отыр дейді салаға жауаптылар. Бүгінде бұл ереже Ұлттық банктің қарауында, әзірше қолданысқа енбепті. Дегенмен қабылдаған күннің өзінде кірістер комитеті мамандарының айтуынша, 100 түрлі тұлғадан аударым өлшемшарты сақталады.
Сапарбек Ешанқұлов, Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары: «Кәсіпкерлікке жылдық табыс ең төменгі жалақының 12-ге еселенген сомасынан асқанда тіркелу керек. Сондықтан 3 ай көлеміне 255 мың теңге шектік мөлшер енгізілгелі отыр. Үш айда азаматқа қатарынан ай сайын 100-ден аса тұлғадан аударым түссе назарымызға ілігеді».
Еліміздегі екінші деңгейлі банктер міне жыл басталысымен жоспарға сай өткен жылдағы жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың басшылары және олардың жұбайларының шоттарындағы аударымдар дерегін мемлекеттік органдарға тапсыруды бастап кетті. Сала маманының сөзінше, үш ай көлемінде әр ай сайын 100 ден аса тұлғадан мобильді аударымдар түскен дерек анықталса, әй жоқ, шәй жоқ, бірден айыппұл арқалату көзделмеген. Алдымен аударымдардың мақсатын тарқатып беруге 30 күн уақыт беріледі екен.
Сапарбек Ешанқұлов, Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары: «Әр кәсіпкер бойынша қандай да бір операциялар болғаны жөнінде мәліметтерді біз биылдан бастап аламыз. Кәсіпкерге талапқа сай түскен аударымдар көлемі анықталса оны кәсіпкерлік мақсатта пайдаланғаны немесе өзінің бір жеке өмірлік жағдайына пайдаланғаны жөнінде түсіндірме беруіне хабарлама жібереміз. Мақсатымыз бас салып тексеру, болмаса бәріне айыппұл арқалату емес, егер кәсіпкерлік мақсатта пайдаланып жатқан болса нарықтық көлеңкеден шығару».
Заңда кәсібін көлеңкелі нарық арқылы жүргізіп, мемлекеттен табысын жасырғандар анықталса, салық төлеушіге сол жасырылған салық сомасын екі еселеп өтеу мөлшеріндегі айыппұл жазылады. Бір жыл ішінде кәсіпкер тағы өкіметті арбауға тырысса, салықты үш есеге арттырған сома көлеміндегі айыппұл салынады. Ал кәсіппен заңды түрде кәсіпкер ретінде тіркелмей айналысқан азаматтар белгілі болса, 15 АЕК әкімшілік жаза қарастырылған. Қайталанған жағдайда 30 АЕК, яғни 117960 теңге айыппұл арқалайды.
Сапарбек Ешанқұлов, Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары: «Кәсіпкерлік қызметпен қатысы болмаған жағдайда да мобильді аударымдардың саны 100 болуы, тіпті 1000 болуы мүмкін. Мәселен, сізде той болады, туған күн болады. Ата-ана комитетінің төрағасы шығарсыз. Бұл жерде неше түрлі аударымдар болуы мүмкін бірақ ол кәсіпкерлік қызметке қатысы болмаған жағдайда кезкелген азамат түсіндірмесін бере алады. Түсіндірмесін мемлекеттік кірістер органдары қабылдауы міндетті».
Айта кетейік, Шымкентте 130 мыңнан аса тұлға кәсіпкер ретінде тіркелген. Енді олардың банк шоттарына түскен мобильді аударымдар тиісті тексеруші органға табысталып, талапқа байланысты назарға іліккендерге камералдық бақылау жүргізіледі.