Депуттар жемқорлыққа қарсы жаңа шараларды қызу талқылау үстінде. Мәжілісте осыған байланысты заң жобасы қаралды. Онда жауапкершілікке пара алатын емес беретін адамды да тарту керектігі ұсынылыпты. Сондай-ақ халық қалаулылары өмір сапасының төмендеп бара жатқаны және жолаушылар тасымалын реттеу туралы өткір тақырыптарды қозғады.
Енді Қазақстанда тек пара алу емес, оны ұсыну, өтініш жасау немесе талап ету мен уәде беру бойынша жаза қарастырылуы мүмкін. Бүгін мәжілісте жемқорлыққа қарсы заң жобасы қаралды. Депутат Сергей Пономорев елімізде кез-келген мәселені ақшамен шешуге болатыны жайлы айтты.
Сергей Пономорев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: «Университеттерде оқытушылар жақсы баға үшін пара алады. Емханаларда – сапалы емдеу үшін. Тіпті банк секторында да несие алу үшін, әсіресе жеңілдетілген несие болса, осындай ақша қажет, бұған амалсыз келіседі. Заң жобасында мемлекеттік қызметші емес кез — келген адамға заңсыз сыйақы беру үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу ұсынылып отыр. Логика бойынша, заңсыз сыйақы алған адам да, берген адам да жауапқа тартылуы тиіс. Бірақ бұл жағдайда кафеде кеңес үшін ақша беру де қылмыс ретінде қаралуы мүмкін. Чайға ақша берсең — пара беру деп жауапкершілікке тартылуың мүмкін».
Бас прокуратура өкілдері бұл мәселені шешу үшін нормативтік актілерді тәжірибеде қолдануға негіздеу керек дейді.
Альбина Маутова, ҚР Бас прокуратурасының нормативтік құқықтық актілерді үйлестіру департаментінің басшысы: «Біздің елде жұмысшы мен жұмыс берушінің арасындағы қатынастар еңбек заңнамасымен реттеледі. Әрбір жеке сектордағы ұйымның өз корпоративтік басқару актілері бар, сондай-ақ салалық заңнамалар да бар. Егер осы актілерде сыйақылар мен бонус түріндегі ынталандыру шараларын қолдану мүмкіндігі қарастырылған болса, онда бұл қылмыстық құқықтық салаға кірмейді – егер тікелей тыйым салынбаған болса. Бірақ егер салалық заңнамаларда, әсіресе қоғамдық маңызды функцияларда, тыйым салынса, онда жаңа бап бойынша қылмыс құрамы болады».
Шымкент пен Түркістан облысы жемқорлық қылмыстарының саны бойынша көрсеткіште үнемі көш бастайды. Мәселен, өткен жылдың бірінші жарты жылдығында үшінші мегаполисте сотқа 53 адам тапсырылған. Ал Түркістанда 42 адам жемқорлық қылмысы бойынша сотқа тартылған. Жалпы мәжілісмендер тек жемқорлық жайын ғана талқылаумен шектелген жоқ, қазақстандықтардың өмір сапасының төмендеуі де сөз болды. Ұлттық бюро статистикасына сүйенсек, орташа табыс 112 мың теңгені құраса, оның 98 мың теңгесі азық-түлік, киім-кешек, коммуналдық қызметтерге кетеді екен.
Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: «Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша күріштің бағасы өткен жылы 31 пайызға, жұмыртқа 16 пайызға, сары май мен сүт өнімдерінің бағасы 12 пайызға өскен. Тұрғын үй коммуналдық шарушылыққа келсек, коммуналдық қызметтер орташа алғанда 25 пайызға қымбаттаған. Бұл жағдай азаматтардың шығынын арттырып, кірістерін төмендетіп жіберетіні анық. «Баға қайда кетіп барасың?»- деп жыламсырайтын жағдайға да жеттік. Ал еліміздің ең төменгі жалақысы 85 мың теңгеден көтерілген жоқ.
Ең төменгі жалақыны осыдан екі жыл бұрын 85 мың теңге деп бекітіп еді. Ал ол биылғы жылы да өзгеріссіз қалып отыр. Бұл ретте мәжіліс депутаты ең төменгі жалақыны ұлғайтып, азық-түлік бағаларын реттеуді ұсынды. Ал Екатерина Смышляева жолаушылар тасымалының агрегаторларына талаптарды қатаңдатуды талап етті. Өткен жылы жол көлік оқиғалары мен зардап шеккендер саны екі есеге артқан.
Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: «Зардап шеккендер арасында такси жолаушылары да бар, олар Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай және басқа облыстардағы трассаларда апатқа ұшырады. Өкінішке қарай, олар туралы бөлек статистика жүргізілмейді. Себебі қазіргі уақытта нарықтың 95%-ы тұрақсыз маршруттар мен ресми емес қызметтерден тұрады. Көлік тасымалымен айналысатын компаниялардың көбі агрегатор платформаларында жұмыс істейді. Жыл сайын бір ірі агрегатор шамамен 25 миллион сапарды өңдейді. Сонымен қатар, көпшілік платформалар тек жүргізушілер мен жолаушылар үшін «жарнама тақтасы» қызметін атқарады. Қатысушыларға қойылатын талаптар минималды немесе мүлде қойылмайды».
Мәжілісмендердің пікірінше, мемлекеттік қадағалауды дереу күшейту қажет. Сондай-ақ жолаушылар тасымалындағы заң нормаларының сақталуы үшін қоғамдық бақылауды құру керек.