Шымкентте заңсыз алкоголь өнімдерін өндіріп келген ерлі-зайыптылар ұсталды. Олар 2022 жылдан бастап қолдан жасалған акциздік маркаларын және этил спиртін пайдаланып, арақ-шарап жасап келген.
Өнім Шымкент қаласында ғана емес, сондай-ақ көршілес Түркістан және Жамбыл облыстарында да сатылған. Тінту барысында 9 мың литрден астам этил спирті, 24 мыңнан астам жалған акциз маркалары, әртүрлі маркалы дайын алкоголь өнімдері және 75 млн теңге көлемінде ақшалай қаражат тәркіленді.
ҚР ҚМА баспасөз қызметі: «Сот үкімімен аталған тұлғалар заңсыз кәсіпкерлік, акцизделетін тауарлардың таңбалау тәртібі мен ережелерін бұзу, қылмыстық жолмен алынған ақша мен мүлікті заңдастыру бойынша кінәлі деп танылды. Сот оларға 5 және 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады».
Тексеріс барысында күдіктілердің жалпы құны 234 млн. тенгені құрайтын 13 қымбат көлік сатып алып, олардың бір бөлігін жақын туыстарына рәсімдегені анықталды. Нәтижесінде «Toyota Land Cruiser 300», «ZEEKR 001», «KIA K8», «Hyundai Grandeur», «VOLVO» сынды қымбат темір тұлпарлар тәркіленді.