Газ ақысын төлеуге ваучер: Кімдерге жеңілдік жасалады?

30
 Әлеуметтік осал топтарды қолдау бағдарламасын жүзеге асыру жалғасуда. Былтыр желтоқсаннан бері Шымкентте  және Батыс Қазақстан облысында  «Әлеуметтік әмиян» жобасы аясында пилоттық режимде тауарлық газға ваучер беру жобасы жүзеге асырылуда.
Жоба атаулы әлеуметтік және тұрғын үй көмегін алушыларға тауарлық газ үшін төлемге жеңілдіктер беруді кеңірек қамтуға және автоматтандыруға бағытталған. Сала мамандары  жеңілдік алу үшін тұрғындар өтініш бермейді, қызмет  онлайн  жүзеге асырылады деп отыр.
Шымкент қаласының тұрғыны Мұнажат Рахметова  тұтынған газды төлеуде жеңілдікке ие болды. Былтыр желтоқсан айында  жүзеге асырыла бастаған жобаға іліккеніне риза. «Әлеуметтік әмиян» алгоритміне сәйкес 1414 бірыңғай нөмірі арқылы атаулы әлеуметтік және тұрғын үй көмегін алатын азаматша  eGov-mobile қосымшасына тіркелген. Ваучердің сомасы  газ тұтыну көлеміне қарай айқындалады  екен.
Мұнажат Рахметова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Желтоқсан айында ваучерге Е гов мобил қосымшасына тіркеліп жеңілдікті алып жатырмыз. «ҚазТрансгазАймақтың» мамандары барлық түсіндіріп берді. Рахмет».
Бағалар шарықтаған кезеңде   әлеуметтік  осал топтарға жататын азаматтар  коммуналдық қызмет төлеуде  жеңілдік алып, қолдауға ие. Бүгінде Шымкентте мыңнан астам газ тұтынушы көмектің осы түрін алып отыр.
Айсұлу Қолдасова, «QazaqGazAimaq» АҚ ШӨФ бөлімі бастығының орынбасары: «Шымкент қаласында 5289 адам атаулы әлеуметтік көқмек алатын болса, олардың 1616 тұтынушысы желтоқсаннан бері жеңілдік алады. Әкімдікке барудың қажеті жоқ.  eGov-mobile қосымшасына тіркелсе болғаны, статусы болса жеңілдікке ие болады».
Айта кетейік, былтыр желтоқсаннан бері Шымкентте  және Батыс Қазақстан облысында  «Әлеуметтік әмиян» жобасы аясында пилоттық режимде тауарлық газға ваучер беру жобасы жүзеге асырылуда. Жоба 6 айға созылып, 31 сәуірде қорытындыланады.  Оның нәтижелері бойынша жобаны бүкіл Қазақстанда белгілі санаттағы жандарға қолдану  туралы шешім қабылданады деп күтілуде.
Шынар Оразова