Картоп 100 теңгеден сатылды

33
фото ТОӘБҚ
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, «Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның бастамасымен жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп жатқан жәрмеңкелер бағаны тұрақтандыруға тікелей ықпал жасауда.
Түркістан қаласында апта сайын азық-түлік жәрмеңкесі өткізіліп келеді. Бүгінгі кезекті жәрмеңке «Turan Mall» ойын-сауық орталығының алаңында ұйымдастырылды. Келген халықтың қарасы қалың болды. Тұрғындар мүмкіндіктен қалыс қалмай, күнделікті тұрмысқа қажет өнімдерді тиімді бағада алғандары үшін ризашылығын білдірді.
Жәрмеңкеде жалпы 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар тауар төмен бағада ұсынылды. Атап айтқанда, картоп пен сәбіз – 100 теңгеден, қырыққабат – 55 теңгеден, пияз – 77 теңгеден, нан бөлкесі – 70 теңгеден, жұмыртқа данасы – 40 теңгеден сатылды. Бұдан бөлек, аз тұзы – 45 теңгеге қолжетімді болса, І сұрыпты бидай ұны – 190 теңге, қарақұмық жармасы – 220 теңге, сүт – 260 теңге, күнбағыс майы – 520 теңгеден саудаланды.
Аталған корпорацияның өкілі Лаура Жанасбаеваның айтуынша, қазіргі таңда ішкі нарықта картоп бағасының қымбаттауы өзекті мәселе болып тұр. Дегенмен Түркістан өңірінің азық-түлік тұрақтандыру қорында көкөністер де, бакалеялық өнімдер де жеткілікті. Бағасы шарықтап тұрған картоп 3 есе арзан бағада халыққа ұсынылып жатыр. Сөрелерді бос қалдырмау мақсатында қордағы өнімдер базарлар, ірі сауда орындары, әлеуметтік дүкендер мен бұрыштарға тұрақты түрде жеткізіліп, арнайы бекітілген бағада сатылуда.
Айта кетейік, бұл бір реттік шара емес. Алдағы уақытта да жалғасады. Тұрақтандыру қорының тауарлары базарларға шығарылса, көшпелі жәрмеңкелер апта сайын өткізілуде.