Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамыту, елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту жөнінде тапсырма берген болатын. Бұл бағытта Келес өңірінде жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Бүгінде Келес ауданындағы 83 елді мекеннің 58-і табиғи газ жүйелерімен қамтылған. Қалған елді мекендердегі тұрғындарға табиғи газ жеткізу мақсатында өткен жылы Ұшқын ауылдық округінің Достық және Қоралас ауылдары, Қошқарата ауылдық округінің Ұшқын елді мекені және Бірлік ауылдық округінің орталығы Бірлік ауылдарында құрылыс монтаж жұмыстары басталды.
Оған қоса 9 елді мекеннің жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптама қорытындысы алынды. Биыл Келес ауданы, Бірлік ауылдық округінің Жаңатіршілік, Үшағаш, Қосөткел, Бірлік елді мекендерінде және Ошақты ауылдық округінің С.Саттаров, Ынталы, Қаратал, Бақышсай, Атақоныс, Жиделі елді мекендеріне 50,6 шақырым жеткізуші газ құбыры жүргізілетін болады. Сонымен қатар Достық, Қоралас, Ұшқын және Бірлік елді мекендерін табиғи газбен қамту құрылысы басталды.
Айта кетейік, 2024 жылы өңірдегі маңызды жобалардың бірі саналатын «Абай АГТС құрылысы» (қуатын күшейту) нысаны іске қосылды. Қолданыстағы газ тарату станциясы 1976 жылы іске қосылған. Бастапқы қуаттылығы – сағатына 2,8 мың текше метр болса, кейінгі жылдары қуаты 17,8 мың текше метрге дейін ұлғайтылды. Соңғы жылдарда аудан көлемінде табиғи газға қажеттілік артқан. Осыған орай, Келес ауданы елді мекендерін үздіксіз, тұрақты және жеткілікті көлемде сапалы табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында «Абай» АГТС нысанына құрылыс (қуаттылығын ұлғайту) жұмыстары жүргізілді.
Нысан соңғы заманауи қондырғылармен жабдықталған және толық автоматтандырылған. Жобаның қуаттылығы сағатына 30 мың текше метрді құрайды. Қазіргі уақытта 22 елді мекен табиғи газ тұтынуда. Алдағы уақытта осы АГРС арқылы «көгілдір отынға» қосымша 10 елді мекен қосылады. Жалпы аудандағы 32 елді мекен немесе 52 287 тұрғынды сапалы табиғи газбен қамтымақ. Бұдан бөлек, кәсіпкерлік нысандар мен кәсіпорындар осы станцияға қосылады.