Келестік диқандар қыстыгүні қырыққабат жинап жатыр

25
фото КАӘБҚ
Еліміздің өзге аймақтарында қыс күшіне мініп тұрса, келестік шаруалар қырыққабаттың алғашқы өнімін жинауға кірісті. Біртілек ауылдық округіне қарасты Жолбасшы ауылының тұрғыны Шералы Тәжібаев 2 гектар аумаққа қырыққабат өнімін егіп, бүгінде 38 тонна өнім алып отыр. Былтыр қара күзде егілген көкөніс қазір пісіп жетілген. Шаруа ақпан айында тағы 100 тонна өнім алуда жоспарлап отыр. Жиналған өнімнің алғашқы легі еліміздегі үлкен қалаларға жөнелтілуде.
– Биыл қар аз түсті. Қыс суық бола қойған жоқ. Жеңіл жамылғының астына егілген көкөніс көшеті тез тамыр байлады. Жиналып жатқан қырыққабаттың әрқайсысының салмағы 4 келіге дейін барады. Қырыққабатты ертерек ексек, мұнан кейін сәуір, мамыр айынан бастап екінші өнім егеміз. Ерте шықса бағаға да әсер етеді. Қанша ерте шықса, сонша қымбат болады, — дейді Шералы Шырынбайұлы.
Жыл он екі ай тыным көрмейтін келестік диқандардың дені қазір қырыққабат егіп жатыр. Өңірдегі шаруашылықтар мың гектарға жуық жерден астам жерге көкөністің осы түрін егуде. Бір маусымда егістіктен үш рет өнім жиып алу аграрлық сала үшін де, шаруаға да тиімді болды. Өткен жылы Келес ауданы бойынша 2 400 гектарға қырыққабат өнімі егіліп, шаруалар 35 мың тонна өнім алды.