Кентаулық жас кәсіпкер Ройнтан Жапаров 2019 жылдан бері өз ауласында саңырауқұлақ өсірумен айналысады. Бүгінде кәсіпкер саңырауқұлақтарды өз ауласындағы жертөлеге жайғастырып, жыл бойы өнім алады. Онда «Вешенка» сорты өсіріледі. Кәсібін ұлғайтуға мемлекеттен қайтарымсыз грант ұтып алған. Ерекше әдіс-тәсілдермен өсіріп отырған өнімдерінен айына 500-700 келі саңырауқұлақ алады.
Ұрықтарын Алматы қаласындағы арнайы ғылыми орталықтардан алдыртады.
«Алғашқыда қызығушылықпен шағын көлемде өсіруді қолға алдым. Кейін өнім өтімді болған соң көлемін ұлғайттым. Қазіргі таңда саңырауқұлақтарды бірқатар мейрамхана мен тамақ өндіру орындарына жіберіп отырамын.
Тіпті, көрші қалалардан да тапсырыс беретіндер бар. Бұл саңырауқұлақтарды сатып қана қоймай, арнайы ыдыстарға тұздап, маринадтап сатуды да қолға алдым»,- дейді жас кәсіпкер.