Қызылорда облысының екі тұрғыны заңсыз аң аулауға шығып, киіктерді автокөлікпен қуып, жануарлар табынына оқ атқан. Олардың көлігін табиғатты қорғау, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының инспекторлары тоқтатқанда, көлік ішінде 30-дан астам киік еті, 5 киік басы барын анықтаған.
Сараптама қорытындысына сай, мемлекетке 80 млн теңгеден астам шығын келтірілген.
Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қару-жарақ пен көлікті қолдана отырып, айтарлықтай зиян келтіріп, жануарларды заңсыз аулады деп айыпталған екі адамға қатысы қылмыстық істі қарап (ҚК-нің 337-бабы, 6-бөлігі, 2-тармағы), олардың қылмыстық іс-әрекеттерінің құжаттармен расталғанын көрсетті.
Сотталушылар мемлекетке 3 млн теңге қайтарған. Бір сотталушының жазасын ауырлататын мән-жаулар ретінде оның ішкі істер органдары қызметкерінің антын бұза отырып, құқық бұзушылық жасағаны танылған.
Сот сотталушыларды ҚК-нің 337-бабы, 6-бөлігі, 2)-тармақшасы бойынша кінәлі деп танып, оларды 7 және 8 жылға аң аулау құқығынан айыра отырып, 6 және 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Олардан ортақтасқан тәртіпте 77 млн теңгеден астам материалдық шығын өндірілді.
Қызылорда облыстық соты үкімді өзгеріссіз қалдырды.