Көксай тұрғындары жаңа баспанаға қоныс аударады

22
Фото: Отырар.кз

Шымкенттегі ең көне аудандардың бірінің тұрғындары жаңа баспанаға қоныс аударады. Тұрғын үйді жаңарту бағдарламасы бойынша үйі апатты деп танылғандар мегаполистің жаңа ауданынан пәтер алады. Жергілікті билік Көксай шағынауданындағы ескі үйлерді бұзу және толығымен жаңарту туралы шешім қабылдады.

Эльмира Ахметованың арманы орындалып, төбесі көкке екі елі жетпей жүр. Көксай шағынауданындағы үйлер сүріліп, мұндағылар басқа пәтерлерге қоныс аударатынын білгенде бірден шешім қабылдапты. Ол апатты екіқабатты баспанада 15 жылдан бері тұрады. Қазір жаңа үйіне қажет жарақтарын сатып алып, қоныс тойына дайындалып жүр. Эльмираның ескі үйі 48 шаршы метр болса, жаңа қонысы 74 шаршы метрді құрайды.

Эльмира Ахметова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Бізге жаңа үй берді бізге Шымситиден. 2 бөлмеге 2 бөлме берді. Бірақ бұның шаршы метрі 48, ол жақтың шаршы метрі 74, жағдайының бәрі бар, рахмет көп-көп, Алла разы болсын!»

Көксай шағынауданындағы құрылыс жұмыстары 2027 жылы аяқталады деп жоспарланған. Онда жаңа тұрғын үй кешені, мектеп пен аурухана және логистикалық орталық салынбақ. Өйткені елді мекен теміржол вокзалының жанында орналасқан. Жаңарту бағдарламасы бойынша 12 отбасы жаңа үйлерге көшуді бастады.

Олжас Тәжібаев, Шымкент қаласы құрылыс басқармасының басшысы: «Болашақта инвесторлар есебінен, жергілікті бюджет қаражатынан әкімшілік ғимаратын салу жоспарлануда. Еңбекші ауданы әкімдігі салынады, аудандағы ыңғайлы жерлердің бірі болады, ХҚКО, балабақша, мектеп, спорт кешені салынады, солардың бәрін қарап жатырмыз».

Айта кетейік, Көксай шағынауданы көптеген жылдар бойы мәселелі аумақтар қатарында болып келген еді.