Көмір сатып, заңсыз табыс тапқан

24
фото ҚР ҚМА

Биржа басшылығы әлеуметтік-тұрмыстық көмір сатып, 2 млрд. теңге көлемінде заңсыз табыс тапқан. Мұны Қаржылық мониторинг агенттігі анықтаған. Тексеріс кезінде тауарлық биржа басшылығы биржалық сауданың негізгі қағидаларын бұзғаны белгілі болды.

Күдіктілер Шұбаркөл кен орнынан көмірді тек заңсыз материалдық сыйақы төлеген тұлғаларға сатқан. Заң бойынша саудагер сауда биржалары арқылы бәсекелестікті дамытуға, делдалдарсыз, оның әділ бағасын қалыптастыруға ықпал жасауға тиіс еді.

Бекжігіт Серікбай, ҚМА ресми өкілі: «Сонымен қатар, «Modern Trading Solutions» тауар биржасының басшылығы 23 брокерлік компанияны туыстары мен сенімді тұлғаларының атына тіркеп, өздерінің жұмысын көмір саудасына тек ұдайы ақшалай сыйақы беретін адамдарды жіберетіндей етіп ұйымдастырған. Кері жағдайда, аккредитация мерзімін созып, келісімшартқа қол қоймау, саудаға қолжетімділігін шектеу және олардың нәтижелерін жою арқылы кәсіпкерлерге саудаға қатысуына жол бермеген. Аталмыш жағдай әсіресе жылыту маусымы алдында көптеген арыз-шағымдар мен әлеуметтік шиеленіске әкеліп соқтырған»

Қылмыстық топтың жыл сайынғы кірісі 2 миллиард теңгеден асқан. Оны өздеріне қарасты компаниялар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырып отырған. Сауда биржасының 3 басшысы қамауға алынған. Ал тағы біреуіне іздеу жарияланып, қамауға алу шарасы таңдалды.